ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАР ПОЛИГОНДАРЫНА КЕЗЕКТІ МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, мен облыстық Экология департаментінің өкілдері бірлесіп қала/аудандардағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарға сәйкес келуі бойынша апта сайын қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабайдың қатысуымен Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында және Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаевтің қатысуымен Сарыағаш ауданындағы Көктерек кентінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары зерделенді.
Мониторинг жұмыстары барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің Тың елді мекенінде орналасқан 2016 жылы эксплуатацияға берілген аумағы 10 гектар, сыйымдылығы 25 мың тоннаны құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны экологиялық талаптарға сәйкес келетіндігі анықталды.
Және Сарыағаш ауданы, Көктерек кентінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жүргізілген мониторинг барысында экологиялық талаптарға сай еместігі, соның ішінде елді мекендерден түзілген қатты тұрмыстық қалдықтардың есебі жүргізілмейтіні, арнайы алаңда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, алдын ала сұрыптау жұмыстары толық жүргізілмейтіні және полигондағы қатты қазылған траншеяларға орналастырылған қалдықтар нығыздалмай, беткі қабаты топырақпен оқшауланбай, шашылып жатқандығы белгілі болды.
Нәтижесінде, анықталған кемшіліктер бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстарына нақты тапсырмалар берілді.
Ескерте кетсек, алдағы уақытта да Департаменттің бастамасымен қала/аудандардағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына кешенді мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Егер сіздердің жоғарыда айтылған мониторинг жұмыстарына білдірер ұсыныс, пікірлеріңіз болса, жобалық кеңсенің +7776-837-09-00 телефонына хабарласуға болатынын назарларыңызға саламыз.