ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Жуырда Шымкент қаласында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, азаматтарға қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында «iKomek» орталығы ашылды. «iKomek 109». Шымкентте осылай аталатын 30-дан астам қызмет түрі біріктірілген жаңа орталық іске қосылған болатын. «iKomek» ахуал орталығының мақсаты – тұрғындардың өтінішін қабылдау, орын алған мәселелерді дер кезінде шешуді үйлестіру. Енді мегаполисте болып жатқан барлық өзгеріс «Ikomek» цифрлы жүйесінде сақталады. Яғни, қалада жасалып жатқан жұмыстар және тұрғындардың өтініштері мен арыздарының  бәрі цифрландырылып, мамандардың назарында болады.

Тұрғындар тәулік бойы «109» бірыңғай байланыс нөміріне тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, көшелерді тазалау, жол қозғалысы сынды мәселелермен қоңырау шала алады. Нәтижесінде қала әкімінің тапсырмалары мен тұрғындардың шағымдарының орындалуын онлайн бақылауға мүмкіндік туады. Мәселелердің шешіліп жатқанына орай сала басшыларының жұмыстары бағаланады.

Орталық тәулігіне 3000 қоңырау қабылдай алады. Қажет болған жағдайда 5000-ға жуық азаматқа қызмет көрсетеді. Ол үшін тәулік бойы 33 қызметкер жұмыс істейді. Әуелі тұрғындардан келген өтініш-шағымдарды оператор қабылдап, одан әрі инспектор сұрақтың сапасы мен мазмұнын бақылап, атқарушы органдарға бағыттайды. Үшіншісі, тапсырманың орындалуын қадағалайды. Барлық абоненттерден қоңырау шалу – ТЕГІН! Орталық WhatsApp желісі арқылы да хабарламаларыңызға жауап береді. Сонымен қатар фейсбук, инстаграм желілері арқылы да тұрғындар сұрақтарына жауап ала алады. Жұмыс кестесі – 24/7. Операторлар коммуналдық мекеме-лермен әрдайым тікелей байланыста. Сол себепті қабылданған өтініштер жылдам орындалады. Кезекші диспетчерлер өтініш берушілермен тұрақты байланыста болып, өтінімнің орындалу сапасын біліп отырады.

Бүгінгі таңда, әлеуметтік желілерде шаһарда қордаланған мәселені шешу үшін көмек сұрап жатқандар қарасы аз емес. Оның бірі назарға іліксе, кейбірі ұмытылып жатады. Ал ахуал орталығына түскен, тіркелген әрбір өтініш аяқсыз қалмайды. Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, басқа да көптеген мекемелердің нөмірін есте сақтаудың қажеті жоқ. Сұрақтарыңыз туындаса, телефон арқылы «109» нөмірін терсеңіз жеткілікті.

Ұ.Мұратқызы.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.