ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ МАҚТААРАЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдауси ауылдарын аралап, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Үй-үйді аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Халықтың көкейіндегі мәселелерін тыңдады.

«Үй тұрғызуды үйреніп алдық. Енді біз адам жалдап, әуре болмаймыз. Асарлатып там тұрғыздым. Мемлекеттен берілген қаражат толық жетіп жатыр. Мынау тұрған көршім үш баласымен бірге үйді бітіріп қалды. Күн жылы. Ел ағаларына, осында жүрген өзіңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді Өргебас ауылының тұрғыны Құрақбай Мамырежепов.

Жалпы көлемі 1256 гектарды құрайтын Өргебас елдімекенінде 209 үй орналасқан. 194 үй толық бұзылып, қайта тұрғызылды. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан бөлінген 17 млн. теңге қаражатқа үй салуда. Елдімекенде ауыз су жүйелері жаңартылып, жолдар жөнделіп жатыр. Су шайып кеткен облыстық маңызы бар 10 км автожолдың осы ауылдағы 4,9 шқ құрайтын 4 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 200 орындық жаңа мектеп салынып, ескі мектеп ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, қосымша мектептің жылыту қазандығы қойылып, фельдшерлік-акушерлік бекет салынуда.

Ал, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елдімекенінде 327 үйдің зардап шеккен 308-і бұзылып, жаңадан бой көтерді. 600 орындық мектеп жөнделіп, жылыту қазандығын табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы дәрігерлік амбулатория құрылысында болып, Мырзакенттегі жаңа ықшам ауданды аралады. Жаңадан салынған кәріз жүйесі стансасының жұмысымен танысты. Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендері үшін Жаңадан құрылысы жоспарланған 70 га жер телімін құрайтын жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп пен бала-бақша, дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Мырзакент кентіндегі мөлтек ауданында 398 тұрғын үй бой көтерді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.