ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесу өтті.
Жиынға Департамент басшысы А.Жұмағали мен оның орынбасарлары Т.Серікбаев, Б.Ұзынжас, әскери бөлім командирі С.Могжанов пен қызметшілері қатысты.
Кездесудің мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен таныстыру, сонымен қатар, Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы шеңберінде енгізілген ұсынуды қарау болып табылады.
Алғаш болып сөз алған Департамент басшысы Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленгендігін хабарлап, жемқорлықты анықтауға және оның себептерін жоюға бағытталған алдын алу шаралары жүйелі түрде жалғасып жатқандығын жеткізді.
«Біз шенеуніктерді отырғызудан ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынына сенімдіміз. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын бірлескен шаралармен жоюымыз қажет» — деді Департамент басшысы.
Одан бөлек, жиын барысында кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ, әскери қызметшіге қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайы талқыланып, алдағы уақытта жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, ұжымда парасаттылық қағидаларын қалыптастыру мен қылмыстық іске қатысты қызметшілер мен олардың тікелей басшыларының тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.
Шарада әскери бөлім тарапынан атқарылған жұмыстары тыңдалып, жемқорлықпен күресте бірлесе жұмыс жасау, жемқорлық көріністеріне куә болған жағдайда Агенттіктің 1424 Call-орталығына хабарласу қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған А.Жұмағали бүгінгі өткен жиыннан қорытынды шығарып, сеніп тапсырылған міндетті жоғары абыроймен атқаруға үндеп, іс-әрекеттерімен әскери қызметке кір келтірмеуге шақырды.