ТҮРКІСТАН: ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ  БОЙЫНША ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Түлкібас  ауданына  болып, жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.
Парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген келелі басқосуға Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт пен оның орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бармақ басты, көз қысты әрекеттерді жоюдың маңыздылығы ортаға салынған алқалы жиында Мирас Асқарбайұлы бірінші басшылардың дербес жуапкершілігі мен ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша ақпарат беріп,  Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен алдын алу,  ішкі талдау және жедел бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданында 2019-2020 жылдар аралығында орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына  айрықша тоқталып, өңірлерде пара алу, пара беру, делдал болу сынды тәуекелдердің басым көпшілігі кадр мәселесін шешу, жәрдемақы тағайындау, жер телімін беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында орын алатындығын жеткізді.
Жиын соңында парақорлыққа жол берген азаматтарға көрілетін жаза түрі қатаң екендігі ескертіліп, ел игілігі жолында адал қызмет ету қажеттілігі түсіндірілді.
Алдағы уақытта да Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында облысқа қарасты барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына  ағарту жұмыстары тұрақты негізде өз жалғасын табатын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.