ҚАЙ ІСТЕН ДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ИІСІ ШЫҒУЫ КЕРЕК
ОМАР ЖӘЛЕЛ
Бізде ұлттық бағдарлама жасалып, ол отбасынан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орнын қамтуы керек. Ұлттық бағдарлама қазақтың ұлттық дәстүрлі дүниетанымынан тұруы қажет. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен сусындаған бала ешқашан радикалды ағымдарға кірмейді. Өкінішке орай, бізде балаларымыз ұлттық дәстүрлі дүниетанымды бойына сіңірмегендіктен, әлбетте ол адамда «рухани ваккум» пайда болады. Абай атамыз: «Адам баласы дүниеге екі түрлі мінезбен келеді. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам, екіншісі – көрсем, білсем» дейді. Өкінішке орай, біздің ата-аналарымыз сол баланың «көрсем, білсем» деген жанының құмарлығын қанағаттандырмағандықтан, жанының құмарлығына ерген балалар жат ағымдардың қармағына ілінеді. Қазіргі кезде мемлекет осының бәрін бақылап, бағдарлап отыр. Бірақ аталған мәселені шешетін кешенді бағдарлама жоқ.
* * *
Біздегі мектепте қазақы дәстүрлі дүниетаным ұғымы жоқ, мектептеріміздің өзі қазақтың мектептері емес. Себебі онда қазақтың иісі де шықпайды. Бұрынғы Кеңестік инерциямен құрылған мектептер. Балаларымыз мектепте қазақша оқиды, дәлізде орысша сөйлейді. Қошке Кемеңгеров айтқан ғой: «Әр істе қазақтың иісі шығып тұратын күн туа ма екен?!» деп. Қай істен де қазақтың иісі шығуы керек.
Бірде белгілі ақын Есенғали Раушанов Германияға барып келген соң: «Ей, аңғалдық, аңғалдық, алтынның үстінде отырып, біреудің күмісіне таңғалдық» деп айтыпты. М.Мағауиннің: «Тексіздіктің жегі құрты біздің ұлттық дүниетанымымызға түскен» деп айтқаны бар. Сол құрт бізді мүжіп, қажап жатыр. Тексіздік деген халықтың өзін-өзі менсінбеуі, өзін-өзі танымауы, өз мұрасынан өзі жиіркенуі.
Енді біз отарсызданбайынша бұл тексіздіктің жегі құрты біздің ұлттың ұлы діңгегін мүжуді тоқтатпайды. Ал отаршылдықтың ең басты мақсаты осы еді ғой. Бір халықты өзіне деген сенімінен айыру және олар дегеніне жетті. Қазір халық өзіне сенбейді, ал өзіне сенбеген халық мемлекет құра алмайды.
* * *
Менің мақсатым біреу ғана. Ол – елге қызмет ету, елдің сұранысына жауап беру. Абайдың ұлы шәкірті Шәкәрім «Баршаға жаның ашысын, қышыған жерін қасысын» дейді. Бүгінде халық рухани әңгімеге сусап отыр. Өйткені біз бірінші экономика, одан кейін мәдениет деп халықтың деңгейін түсіріп алдық. Отбасы құрылғаннан кейін Отан құрылады. Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөзі бар. Кеңес өкіметінің уақытында саясатпен, партиямен тұрған отбасылық институтты тәуелсіздік алғаннан кейін қиратып алдық. Үш некенің бірінің ажырасуы, бір мектептегі оқушының 50 процентінің әкесіз өсіп жатқаны, жалғызілікті ананың көбеюі – осының салдары. Түбінде бұл жол бізді құрдымға апарады. Сол кездегі саясаттың қателігін түсініп «Рухани жаңғыру» дүниеге келді. Қазақтың «Қарным ашқаннан жыламаймын, қадірімнің қашқанынан жылаймын» дегеніндей, қазір халықтың қадірі кетіп қалды. Қадірі кеткен халық экономиканы да жасамайды, шығармашылықпен де айналыспайды, яғни ештеңеге бас ауыртпайды. «Рухани жаңғырудың» мағынасы – халықтың қадірін қайтару.
* * *
Ата өзінің аталық міндетін түсінбесе, әже өзінің қасиетті парызын сезінбесе, саналы, салауатты ұрпақ қайдан пайда болады?! «Қариясы жоқ ауылдың, жастары болар диуана» деген Махамбет сөзі қазіргі күйімізді анық бейнелеп тұр. Қазыналы қартымыз азайып бара жатқандықтан, елім дейтін ұрпақ та болмайды екен. Кеңес өкіметі тұсында «сендер ештеңе ойламаңдар, барлығын партия жасайды» деген солақай саясаттың кесірінен қариялар институтының тамырына балта шабылды. Адігей халқында «Ақылды қариялар жоқ үйде, ақылды жастар да болмайды» деген мақал бар. Жастардың барлығын жамандаудан аулақпын. Жағдайға тура қарап түсінген адам оларды жамандамайды. Олар аспаннан түскен жоқ, қазіргі жас аға буынның жемісі. Абай «Бір адам жаман болса, замандасының бәрі виноват» дейді. Сондықтан да бір жас орысша сөйлеп, енді бірі өз мәдениетінен жеріп отырса, ол біздің де кінәміз. Себебі сол жас өскінге қажетті құнарды бермей отырмыз.
* * *
Мемлекетте анаға деген көзқарас өзгеру керек. Біз анаға деген көзқарасымыздың дұрыс болмауы себепті өспей отырмыз. Көп балалы аналарды мемлекетке масыл секілді көреміз. Шын мәнінде «тоғыз ай, он күн көтерген, еңбегінде еті өлген, мұздай бесік таянғаннан» артық қандай еңбек керек? Соның байыбына жетіп бағалап, шетелдегі ана капиталын енгізу қажет. Мемлекетте адам болмаса, биліктің, саясаттың ешкімге қажеті жоқ. «Сабан бол, шөп бол, қалайда көп бол» деген халық мақалына сай, біз көп болуымыз қажет. Әлем бойынша тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жерімізде 18-ақ миллион халық бар. Шетелдің бір қаласы Шанхайдың өзінде 23 миллион, Мехикода 25 миллион халық тұрады. Бұл нарық неге әкеледі? Егер біз даланы баламен толтырмасақ, біз жерімізден айырыламыз.
* * *
Жалпы, ұлтты өсіретін – әйел адам. Мысалы, өзбектің қызы дамбалын тастамаған. Қазір өзбектердің саны – 30 млн. Дамбалын тастамау – әурет жерін жабу деген сөз. Қазақ «Сақтансаң, Құдай сақтайды» дейді. Әуелі, әйелді төмен етегі сақтайды. Екіншіден, әйел адамның аяғы жабық жүргеннен кейін ер адамның қуаты артады. Көптеген әйелдердің бала көтере алмауы – жатырына суық тигендіктен. Дамбалын тастап кеткеннен кейін, ашық жүргендігінің кесірінен болады. Дамбал дегеніміз – әйел адамның Құдайдан қорқуы. Бұл – қыз баланың өзін-өзі қорғауы. Сонда дамбалын тастады деген – қазақ қызының өзінің бұрынғы тақуалығымен қош айтысуы. Енді ойлай беріңіз, дамбалын тастаған қыздарымыздың тұрмысқа шықпай қалуы, түсік тастауы, некесіз баланың дүниеге келуі, олардың жетімдер үйін жағалауы – осы рухани кеселдердің себебін Дулат бір ауыз сөзбен жеткізген. Құдайдан қорықпау керек. Өйткені Құдай – Рахман-Рахим. Құдайдан қорықпағаннан қорқуымыз қажет.