ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ АТЫС АДАМ АТУҒА ОҚТАЛЫП КЕЛГЕН «ОҒЛАНДАРДЫ» КІМ ҚОРҒАШТАП ОТЫР?

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ Т.ТЕЛҒАРАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

Қазір ақпараттық технологияның заманы. Болған оқиға бірер сағатқа жетпей бүкіл әлемді шарлап кетеді. Оны жасырып, жабу мүмкін емес. Техниканың жетілдірілген кезеңінде болған оқиғаны бүркемелеп, ақпаратты жасырып қаламын деу – күннің көзін көйлектің етегімен көлегейлеп, айдың жүзін алақандай матамен жабамын деген сияқты берекесіз тірлік болып шығады.

 Қазанның оны күні кешке таман Қазығұрт ауданының Қызылсеңгір ауылында болған жағдай да сол күні «инстаграм» желісі арқылы желдей есіп жатты. Әуесқой түсірілімге қарасаң, оқиға құдды соғыс киноларындағыдай әсер етеді. Қас қарайып қалған шақ. Қолына суық қару ұстаған жігіт, қасында оншақты адам бар, әлденені өзара талқылап жатыр. Дауыстарының ащы ырғағы ызғар шашады. Әлдекімді іздеп жүргендей әуекіленіп сөйлейді. Егер сол сәтте іздеген адамы қасынан шыға келсе атып тастаудан да тайынбайтын сияқты. Қалай айтқанда да бұл жүрістың жақсы емес екенін аңғарып, оның үстіне елімізде, өзіміздің Қазығұртта болып жатқан соң мәселенің мән жайын білмек болдық. Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз қызметкерлеріне хабарласып, болған жайды сұрастырып көріп едік, ресми өкіл «бұл ауылда емес, айдалада, адырда болған» деп бір соқты. Түсірілім ауыл орталығы екенін білдіріп тұрғанын, сол үшін өтірік жауап беру – заңға томпақ келетінін түсіндірген болдық. Жауапты маман оның анық-қанығын білмейді екенмін деп тағы жалтарды. Сөз арасында «ештеңеден хабары жоқ» маман ашуға мініп, ол видеоны кім таратып жатқанын тауып алатынын, оның жазасы ауыр болатынын айтып «қорқытпақ» болды. Сонда қалай, айдың-күннің аманында ауылға бөтен біреулер келіп оқ атады, адамдардың үрейін ұшырып жанжал шығарады да, оны қолындағы смартфонға түсіріп, елге жариялап, араша түскен адамдар жазаға тартыла ма? Екі рет атылған оқ жазықсыз біреуге тиіп кетіп, жазатайым жағдайдан адам өлімі болса қайтеміз? Не үшін өз-өзін қорғаған адамдар жауапқа тартылуы керек? Сонда бай-бағландардың балалары білгенін істеп, ауылға келіп, оқ атып, жанжал шығарып жүре беруі керек пе? Біздің бұл сұрақтарымыз «түк білмейтін» өкілді ойландырып қойса керек, сәлден соң қайта хабарласып, өзінің «тау жақта» жүргенін, бұл жағдайға ішкі саясат бөлімінің мамандары жауап беретінін айтып, телефон нөмірін берді. Онымен байланысып көрген едік, мыңболғыр маман ҚР «БАҚ туралы» заңға байланысты сұратылған мәлімет дер кезінде берілетінін айтып, көп кешіктірмей ресми жауап жолдады. Болған оқиға бұрмаланып, елге рас-өтірігі анықталмаған жалған қауесет тарап кетпеу үшін жанталасып жүрген біздер дер кезінде ақпарат беріп, елді қауіп-қауесеттен сақтандыруға міндетті баспасөз өкілінің сөзінен секем алып қалып едік. Шынында да ресми ақпарат түрлі ойларға жетелейді. Бөтен ауылға мылтық асынып барып, оқ атқан «оғландарды» қорғаған сияқты бола ма, қалай?

Болған оқиғаға байланысты Қазығұрт ауданы, Қызылсеңгір  елді мекенінде орын алған жағдай бойынша төмендегідей хабарлама келіп түсті. «11.10.2020 жылы сағат 17:00 шамасында Қазығұрт АПБ 102 сымтетігі арқылы Қазығұрт ауданы ауруханасына Тұғыртас елді мекені №20 үй тұрғыны 1998 жылы туылған Т.Е.Е. есімді азамат «ЗЧМТ СГМ сол көз жарақаты» нақтамасымен түскені туралы хабарланған.

Осы хабарлама бойынша оқиға орнына құзырлы орган өкілдері мен полицияның шұғыл тергеу тобы шығып, анықталғаны: 10.10.2020 жылы сағат 20:00-де Қызылқия ауыл округі, Қызылсеңгір елді мекені, Машақұлы көшесі бойындағы дүкенге Т.Е.Е. барған уақытында, сол елді мекеннің тұрғыны А.Н. есімді азаматпен ерегісіп, оған күш көрсетеді.

Татуласу мақсатында  сағат 22:00 шамасында Т.Е.Е. ауылдастары (екеуі ағайынды болса керек, фамилялары бірдей) Қ.Б. мен Қ.С. есімді азаматтарды  Қызылсеңгір елді мекеніне ертіп барған.

Ертіп барған уақытында сол ауылдың тұрғындары қол жұмсап, ұрып соққан.  Дене жарақатын алған Т.Е.Е. көлігінде тұрған атыс қаруымен аспанға оқ атқан.

Қазіргі уақытта, Қазығұрт АПБ болған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 2-3-тармақтарына сәйкес бұзақылық және атыс қаруын қолдану бойынша іс жүргізіліп,  тергеу амалдары жүргізілуде.

Орын алған оқиғада ұлтаралық бас араздықтар болмаған. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Мәлімет ретінде хабарланады».

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай ресми мәліметтің өзі-ақ біраз нәрсені аңғартатындай. Біріншіден, біз құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Ерегесіп қалған адамдар мәселені заң шеңберінде шешуі керек. Ал, Т.Е.Е. есімді азамат заңға жүгінудің орнына ауылына барып, қасына екі «разборщикті» ертіп, мұздай қаруланып келеді. Түн ішінде тып-тыныш жатқан  ауылдың берекесін алып, аспанды жаңғырықтырып оқ атады. Ол қару кімнің атына тіркелген? Қызуқанды жастардың қолында қайдан жүр? Аталған оқ жанжал кезінде жазатайым біреуге тиіп кеткенде не болар еді? Біз алдымен осы сұрақтардың басын ашып алуымыз керек. Ал, мәселенің алдын алуға міндетті жеткілікті билік болған оқиғаны барынша жасырып-жабуға тырысады. Одан қалса, тыныш жатқан ауылға барып оқ атқан адамды қорғағансып, жалтарма жауап береді. Жалтарма жауап деуімізге себеп, неге мылтық асынған адам ол суық қаруды қайдан алғанын айтпайды. Жергілікті әкімдіктің өкілі «Т.Е.Е. татуласу мақсатында барған» деп оны неге қорғаштап отыр? Егер ол шын мәнінде татуласу мақсатында барса, неге мұздай қаруланып барады? Екіншіден, оның татуласу ниеті болса, күндіз қасына салиқалы сөз айта алатын ел ағаларын ертіп бармай ма, ағалы-інілі екі жас жігітті ерткенше? Жастар қызуқандылықпен не шешуі мүмкін? Оның ақыры қандай болғанын көріп отырмыз емес пе?

Жалпы, біздің қазақта «Ауруын жасырған ажалынан бұрын өледі» деген сөз бар. Бұл – бүгінгі біздің қоғамның дерті! Болған жағдайды өздерінің құлағы тыныш болуы үшін жергілікті әкімшілік жасырып бағады, екі жақты татуластырған болып жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға тырысады. Бүгін кішкентай қателікке жол берген жас жігіт лайықты жазасын алып, ендігі жолы қайталамайтындай болып, ескертілмесе, келесі жолы бұдан да үлкен қылмысқа баруы мүмкін ғой. Біз неге осы жағын ойламаймыз? Әлде, тыныш жатқан ауылға түн жарымында барып оқ атып, тынышын алатын «батырдың» анау-мынаудың тісі батпайтын «көкесі» бар ма? Көкесі демекші, әлеуметтік желі арқылы әлемді шарлап жүрген видеода бұрын облыста үлкен қызмет атқарған А.Қ. есімді азаматтың аты жиі аталады. Мұның анық-қанығын тексеріп, әділ жазасын беруді тиісті органдардың еншісіне қалдырамыз.

Айдын СӘТЖАН.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.