ӘЙЕЛ ҚҰРМЕТТЕЛСЕ, ӘЛЕМ НҰРЛАНАДЫ

Бүгінде бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатқанымызға қарамастан, кейбір отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны азаймай тұр. Болашақ жарын үйленіп алғанша алақанында аялап, үйленіп алған соң жұдырықтың астына алатын еркек кіндіктілерді көргенде ішім ашиды. Ең сорақысы, оны қалыпты жағдай ретінде көріп, тағдырым солай шығар деп қабылдайтын әйелдер де бар.Тағы бір өкініштісі, әйелін сабағанды мақтаныш көретін еркексымақтар да жоқ емес.  Әлеуметтік желілерді аралап жүрген әйелді солай ұрып «тәрбиелеуге» үйрететін діни уағыздарды көргенде дін атаулыдан жерінеді екенсің…

 Алайда, ислам дінінде ер адамдарды нәзік жандыларға дөрекілік танытпауға, оларға құрметпен қарауға шақыратын хадистер бар. Солардың бірі «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар» дейді.Әйелді құдай алдындағы аманатың деп те жатады ғой, ал аманатқа қиянат жасауға бола ма екен?!

Кейбір жігіттеріміз осы бір «Аманат» деген ұғымды қате түсініп жүрген сияқты. Аманатқа ие болу деген үйленген соң әйеліме не істесем де өзім білемін дегенді білдірмейді. Әйел адам қалағанына көне беретін қуыршақ емес.  Жүр десе жүретін, отыр десе отыратын да құл  емес.  Әйел – адам.  Ал, әрбір адам – жеке тұлға. Қазақ жігіттері нәзік жандыларға адами көзқараспен қарауды қашан үйренер екен?

Ата-бабаларымыз ежелден-ақ қызды төрге шығарып, оған ерекше ықыласпен қарағаны баршамызға белгілі. «Қыздың қабағында құт бар» дейді қазақ. Қыз баласы жайлы нақылдар айта берсек көп қой.

Бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жапа шегетін әйелдер саны көп. Күйеуінен талай жылдан бері жәбір көріп келе жатқан әйелдер отбасын сақтап қалу үшін, не болмаса ел-жұрттан ұялғандықтан ол жайлы ашып айтпайды, таяқ жегенін кім айтқысы келеді дейсіз бірақ…Бәлкім, қорқатын шығар.

Бұл – әлемді алаңдатып отырған проблема. Біз онымен қоғам болып күресуіміз керек. «Қыздың қырық жаны бар» деген сөз расына рас, бірақ шектен шыққан қорлыққа шыдап отыру деген сөз емес қой. Қазақ әйелдерінің көпшілігі көнбіс. Күйеуге бағынудың да өз орны бар. Әрине,  ер азаматын  сыйлау – жақсы жардың ғана қолынан келетін іс.  «Сыйға – сыймен» жауап беру де нағыз азаматтың ісі емес пе?! Сыйластық екі тараптан бірдей болса ғана отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдыры қатты естілмес еді. Арадағы бала да психологиялық жарақат  алмас еді.

Отандық телеарналарда, тағы да сол сияқты ақпарат құралдарында қызға қатысты тыйымдар көп айтылады да, ұлға келгенде көсіле бермейміз. Бұл қателік қой. Қыз тәрбиесіне көңіл бөлгеніміздей, ұлымызды да ұлт  болып тәрбиелесек ұтылмас едік деп ойлаймын.

Негізгі мәселеге оралайын, Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, әрбір адамның ар-намысын қорғауына құқығы бары жайында жазылған.  Бұл ешқандай Конституциясыз-ақ білуіміз тиіс қарапайым нәрселер ғой. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан жапа шегуші әрбір әйел өзін заң аясында қорғауға толық құқылы. Бұл – адамның өзін-өзі бағалауы. Өзін бағалай алатын әйелдер ғана бақытты деп сенімді түрде айтуға болады. Өмірі өзі қаламаған нәрсеге көнбістікпен өтіп, жүрегіндегі жұлдызын сөндіріп алғандар қаншама…

А.Мұраталиева.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.