Синтоизм

Синтоизм бұл Жапонияның VI-VII ғасырларда қалыптасқан дәстүрлі діні. «синто» (құдайлар жолы) ежелден жапондықтар дәріптейтін құдайлар мен рухтар әлемін («ками») білдіреді. Синтоистер өздерінің діндерін күн құдай-анасы және жапон императорларының ілкі анасы саналатын Аматэрасудан бастау алады деп есептейді. Аматэрасу–синтоистік құдайлар пантеонының басты құдайы. Синтоизм тас, тау, орман, өзен рухына бас ию.
Синтоизм қағидалары VI-VIII ғасырларға жататын басты үш дереккөзге негізделген, олар: «Кодзики», «Нихон секи» (тарихи-жылнамалық жинақ), «Синсэн седзироку» (генеалогиялық тізімдер).
Синтоизм жапондық дүниетанымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды, ол басты концепцияларға негізделді. Бірінші концепцияға сай, әлем өздігінен пайда болған, әлем жоғарғы күш арқылы емес, өздігінен реттеліп отырды. Екінші концепция жер бетіндегі жер қуатын сипаттайды. Үшінші концепцияда табиғат пен тарихтың бірлігі, әлемнің тірі және тірі емес деп бөлінбеуі (себебі табиғаттың барлық құбылыстары мен адамда камилер өмір сүреді) айтылады. Камилер осы әлемде тіршілік ететіндіктен, о дүниеден пана іздеудің қажеттілігі жоқ. Төртінші концепция көпқұдайлықты көрсетеді, себебі синтоның өзі жергілікті табиғат культтерінен, жергілікті, рулық және тайпалық құдайларға табынудан пайда болған Синто дінінде әр түрлі культтердің ортақ сипаттары біріктіріліп, біртұтас рәсімділіктің күрделі жүйесі жасалды. Синтоистік діни табынудың негізінде Аматэрасуға дейінгі ататектен бастау алатын ата-баба культы жатыр.
Адам әлемі «ками» әлемінен бөлінбегендіктен, белгілі мағынада адамның өзі де «ками» болып табылады, сондықтан оған о дүниедегі аман қалуды іздеу жат нәрсе. Діни тазалық «камиге» және өз ата-бабаларына деген қастерлеуді, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді, құдайлықпен рухани байланысты қажет етеді. Синтоизм этикасы өте қарапайым: ирригациялық жүйелерді бұзбау, қасиетті орындарды тазалықта ұстау, жан-жануарларға қамқорлықпен қарау ұғынылады.
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.