Қазақстан Ханафи мазхабында
Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мазхабын ұстанды. Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды.
Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл сабақтастық Қазақ хандығының нығаюына өзіндік үлесін тигізді.
Қазақ хандығына дейін және одан кейінгі кезеңдерде халқымыз исламның басты құндылықтарын әрдайым жоғары ұстаған. Өз болмысында адамгершілік, татулық пен бірлік, адал еңбек, ғылым- білім, өзара құрмет секілді мораль мәселесіне баса мән беретін ислам діні қазақ даласына еніп, тарала бастаған кезеңнен бірнеше ғасырлар бойы халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде орын алған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен сіңісіп, рухани құндылықтармен үндескенде, асқақ адамгершілік ұстанымдарға негізделген дін мен дәстүрдің үйлесімділігі орын алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында «Біз, қазақтар үшін ислам — біздің дүниетанымызды анықтайтын ең алдымен жоғары идеал мен факторы, бұрындары ұмытылып кете жаздаған бай мұсылмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың рухына деген тиісінше баға берудің Рәмізі іспеттес» — деп жазды.