Түркістан және Ислам
Түркістан жұртының адамзаттық Ислам тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Бұл аймақ сан ғасырлар бойы Ислам дінінің жаршысы болып, әлемге танымал ірі дін ғұламаларын дүниеге әкелді. Хадистер жинағын құрастырушы Имам Бұхари де осы Орта Азияның өкілі. Сахих хадистерді жинаушы, мәшһүр ғалым Бұқарада туып, Самарқанда жерленген.
Ислам дінінің негізі болып есептелетін ақида ілімінің мәшһүр ғалымы имам Матуриди де Түркістан жұртынан шыққан ғұлама. Ислам әлемінде ақида мәселесінен талас-тартыс күшейіп, мұсылмандар арасына жік түскен тұста ғұлама аят пен хадиске сүйеніп, мұсылман бірлігінің ұйтқысы бола білді.
Белгілі ағартушы-ғалым И.Гаспиринский өзінің «Түркістан ғұламасы» атты еңбегінде Түркістан топырағынан шыққан дін ғалымдарын, атап айтқанда атақты хадистанушылар мен фикһ ілімінің ғұламаларын, сөз өнерінің білгірлері мен атақты шайырларын, әулиелерін т.б. атап айтады.