Дінді білмеген дымды білмейді
Діни сауаттылық дала халқы үшін киелі міндеттердің бірі саналды. Қандай жағдайда да діннен дәріс тыңдап, балаларын шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлді. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алды.
Ұлттық болмысын қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерден хабардар болу талап етілетін.
Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырдың» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты.
Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да, араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан нағыз надан деп танылған.