Сарапшылардың ғаламторға қатысты пікірі
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін.
Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал.
Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіруі мүмкін.