Сәләфизм деген қандай ағым?

Сәләфизм сөзін қалай түсініп жүрміз? Өзі де бұл ұғымның мәнін терең түсінбейтін жамағаттың құрамына кіріп, өзін «сәләфимін» деп жариялау қаншалықты дұрыс? Міне, осы сынды сан сауалдар қоғамның көкейінде жүр…
Алдымен «сәләф» сөзі оның бастапқы мағынасы «алдыңғы, бұрынғы» дегенді білдіреді. Демек, уақыт ағымының өткен кезеңі кейінгілер үшін «сәләф» деп аталған. Алайда, бұл сөз ислам дінінен тұрақты орын алды да, арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды.
Діни әдебиеттер «сәләф» кезеңінің ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезең болғанын дәлелдейді. Ол дәуір ислам үмметінің Мұхаммед пайғамбардан басталатын алғашқы үш буынының шағы еді. Себебі, Бухари мен Муслимде, Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Мұхаммед пайғамбар: «Адамдардың ең абзалы – менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі жүретін қауымдар келеді» – деген, яғни алдыңғы үш ұрпақтың бойында сақталған ізгілікті айтып кеткен.
Осы үш буынның абзал болуының негізгі себебі – олардың пайғамбар тәлімінен тікелей сусындап, өнегелі ғұмырынан сабақ алуы. Сахабалар исламның сенім негіздері мен діни ұстанымдарын Мұхаммед пайғамбардан с.ғ.с. тікелей үйренді. Ал, табиғиндар (сахабаларды көрген мұсылмандар) сахабаларға еріп, табаға-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) олардың насихаттарын тыңдап, тәлім-тәрбиелерін көргендіктен, сол шынайы ізгіліктен нәр алды.
«Сәләф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда.
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.