ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ АКТИВІНЕ ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Мақтаарал ауданындаболып, аудан активімен кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениеті кең дәріптелген алқалы жиынға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековпен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Адал қоғамды қалыптастырудың маңыздылығы ортаға салынған басқосуда Мирас Асқарбайұлы ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша ақпарат беріп, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен алдын алу, ішкі талдау және жедел бағыттар бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға айрықша тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында 2019-2020 жылдар аралығында орын алған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атап өтіп, парақорлықтың ел экономикасының дамуына тигізер залалы мен зардабын, себебі мен салдарын тілге тиек етті.
Жиын барысында оңай олжаға құнығып, көлеңкелі қылмыс түріне жол бергендерге көрілетін жазаның қатаңдатылғаны ескертіліп, сыбайластық әрекеттердің тамырын кесу – ел әлеуетін арттыруда айрықша басымдыққа ие екендігі түсіндірілді.
Алдағы уақытта да Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында облысқа қарасты барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстарын жүргізу тұрақты негізде өз жалғасын табатын болады.