ТҮРКІСТАННЫҢ НЕГІЗГІ КАПИТАЛЫНА 400 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев баяндама жасады. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи бастамасы мен шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде қасиетті Түркістан қаласын дамытуға үлкен серпін берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қазақстанның рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айналды», — деді А. Мамин. Үкімет басшысы Түркістанның жаңа дамуын қамтамасыз ету, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, оны одан әрі өркендету мақсатында 2018 жылғы қыркүйекте Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы мақұлданғанын атап өтті. Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік орталықтардың, көлік және инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға дейін өсті, 2025 жылға қарай ол шамамен 250 мың, ал 2035 жылға қарай 350 мың адам болады деп болжанып отыр. Үкімет басшысы Түркістанды дамытудың жаңа бас жоспары белсенді дамып келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктерін ескеретінін және оның тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға жол ашатынын атап өтті. Жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Қала инфрақұрылымын дамытудың барлық егжей-тегжейлі схемалары әзірленді. Премьер-Министр бекітілген жоспардың барлық жобаларын жүзеге асыруды тапсырды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.