ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ДЕ ӘДЕБІ БАР

Бүгінде ақпарат саласының дамығаны соншалық, осы күнде сәбилер мен шал-шауқан, кемпір-кешектер де қолындағы қолфонына құдияды да отырады. Баяғыдай той-жиынға шақыратын болса ат артып, тон тоздырмайды. Үйінде отырып-ақ, болмаса жұмысында отырып-ақ тындыра береді. Ақылдасатын шаруаны, орамды ойларын тораптағы топтарға тастай салады.

Әлеуметтік желінің пайдалы жақтары баршылық, ал зиянды жақтары ше? Ол да жетерлік. Көп адамдар өздерінің жеке өкпе-реніштерін сол ортаға салып, бір-бірімен қырық пышақ болып, жаға жыртысып жатады. Кейде өсек-аяңның ордасына кіргендей күй кешесің. Әсіресе, енді жетіліп келе жатқан өскелең ұрпақты дұрыс жолға салуға, мәдениетті етіп тәрбиелеуге тиіс емеспіз бе? Үлкен-кіші деп бөліп-жармайтын, ауқымы кең ортада айтылып жатқан дәм-татуы жоқ әңгімелер мен сұрқы қашқан сан түрлі суреттерді көргенде қарадай қысыласың. Одан жастарымызға қандай үлгі-өнеге болмақ деп қатты ойланасың.

«Осы телефон дегенің бәле болды, отбасында, дастарқан басында бала-шағамызға ақыл-кеңесімізді айтып отыратын баяғы күнімізге зар болдық. Қазір әңгіме бастап сөйлейсің, тыңдайтын ешкім жоқ. Балалардың бәрі шұқшияды да отырады қолфонына. Сосын жынды адам секілді өзіңмен өзің сөйлеп отырасың» деп жабырқап жүрген көкеміз бірер жыл өткен соң өзі де телефонға телміретінді тауыпты.

Көпке топырақ шаша алмаймыз, әлеуметтік желіні өз орнымен пайдаланып жатқан жандар жоқ емес. Тарихшылардың тарихи деректері, ақын-жазушылардың өлең-жырлары мен әңгімелері, бұлбұл көмей әншілеріміздің тамаша әндері, концерттері, суретшілердің көркем суреттері, сатириктердің комедиялары мен ащы әзілдері халықтың демалуына, көңіл-күйінің көтерілуіне оңды ықпалын тигізіп жатқаны айдан анық.

Десе де шетелден келіп жатқан «Тик-ток», «Вайн» т.б. желінің тыныштығын бұзған бағдарламаларына еліктеп біздің жастарымыздың да түсіріп жатқан дүниелері желінің бетіне қардай борады да кетті. Шешініп тастаған жалаңбұт қыздардың бейнелері, құлағына сырғасын тағып, үстіне қыздардың киімін киген қызтекелер, жігіттердің киімін киініп, темекіні құшырлана сорып, арақты сылқита ішетін еркекшоралар, оны қойшы, қыз бен қыз, жігіт пен жігіт сүйісіп, құшақтасқандар (беті аулақ). Осындай көріністерді көргенде әлеуметтік желіні жынойнақтың ортасы демесіңе амалың жоқ.

«Тик-ток», «Вайн» тағы басқа желідегі айдаршалар шетелдің өз елінің бітім-болмысына жарасатын шығар. Бірақ біздің қазақ елінің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға жат дүниелер. Біздің еліктегіш жастар шетелге қарап емес, өз еліміздің, өз ұлтымыздың дәстүрімен, тамырымен, тарихымен біте қайнасуы керек. Сонда ғана ол көңілге қонымды, жаныңа жайлы, қолдауға тұрарлық дүние болар еді.

Әсіресе,  қазақты, Қазақстанды қорлап кино түсірген Борат деген тексіздің соңғы кездегі еліміздің зеңгір көкте қалықтаған байрағын аяққа таптауы бүкіл желіге тарап, бойында намыс-жігері қайнаған, отансүйгіш жандардың ашу-ызасын тудырды.  Біздің елдігімізге, мемлекетмізідің бет-беделіне кір келтіретін жағдайлардың белең алуына тағы да сол әлеуметтік желілердің арнасынан ауытқуы, жастарымыздың тәлім-тәрбиесінің бұзылуы әсер етіп отыр. Біз көбінесе келеңсіз істердің себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан да қоғамның тыныштығын, жастардың болашағын ойласақ, онда әлеуметтік желілерді дұрыс бағытта жұмыс жасауға қам-харекет етуіміз керек.

Қазір кез келген үйге барсаңыз, бесіктен белі шықпаған балалардың қолфонға таласып, ішіне кіріп кетердей түрткіленіп отырғанын көресің. Бұл – балалардың көз жанарының әлсіреуіне, ана тілінің шұбарлануына, қазақы болмысының бұзылуына әкеп соғатын жайттар.

Осы күнде халықтың арасында кітап оқу азайып барады. Желіден де кітап оқуға болады. Бірақ, біріншіден көзіңе зиян. Екіншіден, тұшынып оқи алмайсың, себебі жағдайлы орта болуы керек. Ал кітапты кез келген ортада оқи аласың. Алып жүруге де ыңғайлы, көзіңе де зияны аз. Әсіресе, көркем әдебиетті көп оқу шешен тілді болуға, өз ойын жеткізу шеберлігінің артуына, ой-сананың өсуіне ерекше ықпал етеді.

Өз елінің болашағын, тілін, салт-дәстүрін терең ойлаған ақын-жазушыларымыздың жазған әңгіме, повесть, романдары қаншама. Кітапханаларға барсаңыз да кітап іздеп келген оқырмандар көп емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кітапханалардың жандануына ерекше көңіл бөлу керек» деуінің өзі халықты кітап оқуға үндеуі екенін бірден түсінесіз.

Қарыштап дамыған өркениетті елдерде қоғамдык көліктерде, көше бойындағы орындықтарда, кітапханаларда кітап оқып отыратын адамдардың көп екенін байқайсыздар. Барлық білімнің бастауы, қайнар бұлағы ол – кітап! Сондықтан да кітап оқуды жолға қойып, жастарымызды, балаларды кітапқұмар етіп өсірсек, онда келешектің де кемелді, жастарымыздың да дарынды болып жетілері анық.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, әрбір ата-ана балаларының көп кітап оқуын мұқият қадағалап, әлеуметтік желіні де өз орнымен дұрыс пайдалана білуіне ерекше назар салса, онда қоғамдағы келеңсіздіктердің туындалуына зор септігін тигізер еді.

Ел іргесінің бекем, ұлтымыздың білімді болуы үшін әлеуметтік желідегі арзан ойлы, жалт еткен дүниелерге құштар болмай, біліктілікті арттыруға, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуға міндеттіміз. Ендеше кітап оқудан жалықпай, өрелі білім алып, өркениетті өмір сүруге талпынайық.

Ғ.Қасымхан,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың

ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.