ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРЫНА ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕНДЕР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шараларының аясында Түркістан облысындағы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бүгін облыстың шалғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен, жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Салтанатты шараға аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев қатысып, медицина қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің барлық облыстары отандық өндірістерде жабдықталған 100 жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етілуде.  Түркістан облысына бөлінген 12 жылжымалы медициналық кешен дәл қазір облыстағы шалғай ауылдарға жолға шығады. Бұл – біздің әрбір азаматымыздың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шара. Құрметті медицина қызметкерлері, сіздер коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрсіздер. Атқарылған жұмыстар — ерліктеріңіздің дәлелі, деп ойлаймын. Өздеріңізге облыс тұрғындары атынан алғысымды білдіремін»,-деді Өмірзақ Естайұлы.

Еліміз бойынша облыстарға бөлінген 100 жылжымалы медициналық кешеннің 12-сі Түркістан облысына тиесілі. Осылайша шалғай аудандарды жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрады. Көшпелі аурухана аудан орталығынан 100-200 шақырым жердегі ауылдарға барып, тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Отандық өндірістерде жабдықталған жылжымалы медициналық диагностикалық кешендер Үкіметі резервінің есібінен алынған. Осылайша аудандарға қарасты 167 ауылдың тұрғындарына медициналық және  скринингтік тексерулер мен басқа да көмектер көрсетілетін болады. Бұл өз ретінде, ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімдігін арттырады.

Заманауи медициналық кешен флюрография, ультра дыбыстық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр және тағы басқа құралдармен жабдықталған. Дәрігерлер азаматтарды толық тексеруден өткізіп, ауруды дер кезінде анықтай алады.

Сондай-ақ, коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық аясында бүгін облыстық жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел-жәрдем қызметін жыл соңына дейін 122 автокөліктерімен жабдықтау көзделген. Бұл медициналық жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.