ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АУЫЛ ӘКІМДІГІ «СЕРВИСТІК» ҮЛГІДЕ ҚЫЗМЕТ АТҚАРУДА
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен халыққа барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «сервистік» форматқа көшіріліп, бүгінгі күні тұрғындардың кедергісіз қызмет алуы жүйелі жүзеге асырылып келеді.
Бұл бастама киелі өңірде де қарқын алып, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аясында мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың туындауын болдырмау мақсатында Отырар ауданына қарасты Темір ауылдық округінде ашылған болатын.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мен Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов ауданда орналасқан Темір ауылдық округінде болып, ауылдық сервистік әкімдіктің мүмкіншіліктерімен танысты.
Сервистік әкімдікте бүгінгі күні анықтамалық, электронды қызмет көрсету және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышымен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде қызмет ететін «сервистік әкімдікпен» танысқан Ғанижан Асанұлы мұндай қолжетімді қызмет көрсету орындары ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде ашылуы тиіс екенін жеткізді.
Бүгінгі күні ауыл тұрғындары әкімдік мамандарынан «сервистік» үлгіде жедел және кедергісіз қызмет алуда.