АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ – БӘСЕКЕЛЕСТІКТІҢ БАСТЫ ШАРТЫ

Дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін бәсекеге қабілетті болудың керектігін, ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданы, Жүзімдік ауылында өткен ауыл шаруашылығына арналған семинар-кеңесте осылай деді.

«Серік» шаруа қожалығының егіс алқабында бас қосқан аудан, ауылдық әкімдері, агроқұрылымдар мен ғалымдар «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу – жобасын дамыту»  бойынша кеңесті. Облыстың табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып қолға алынған жұмыс нәтижесінде биыл 128 ауыл округінен 5,2 мың га алқапта 1999 шаруа қожалығы бірінші, екінші және үшінші өнімнен 220 мың тн-ға жуық өнім жинады. 1-га-дан орташа 5 млн. теңгеден табыс тапты.  Республикада 214 мың шаруа қожалық болса, 71 мың агроқұрылым бізде тіркелген, яғни 33% құрап отыр. Олардың 65% ұсақ, майда шаруа қожалықтар.

«Бұл жобаның келешегі биік, маңызы зор, нағыз Түркістан облысына арналған жоба екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылық саласын дамыту маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс. Тиімді де үнемді жаңа технологияларды қолдану арқылы, өнімді арттыру керек. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігін түсініп, Түркістан төңірегінде, Арыс өңірінде, басқа да аудандар қолданып жатыр. Жалпы жаңа технологияны 11 мың гектар жерге ұлғайту көзделген», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Жиында әртараптандырудың бәсекелестіктің басты шарты екені жайлы айтылды. Семинарда сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымы Қалымбетов Бердияр саланы дамытудың үш бағытын ұсынды. Әртараптандыру арқылы жоспарлауды үйреніп, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооператтивке бірігудің пайдасы жайлы баяндады.

«Әртараптандыру арқылы қай қожалықта қандай өнім өсетінін, олардың егу кезеңін жоспарлау қажет. Облыста шаруашылықтардың көбісі шағын шаруашылықтар. Оларды ірілендіру керек. Жеке-жеке шаруашылықтар технологияны сатып ала алмайды. Кооперативтерге бірігудің негізгі қызығушылығы, стимулы МТС яғни, машина технологиясы станциясы құрылса. Ол 5-6 трактордан, технология, сервистік қызметтерден тұрады», –деді М. Әуезов атындағы ОҚУ, «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Б.Қалымбетов.

Облыс әкімі Келес ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Біртілек ауылдық округіндегі «Нұржан» шаруақожалығында болды. Диқандар озық технологияны қолдана отырып тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету жұмысын жолға қойған.  Аумағы 11 га жылыжай аумағында тамшылатып суару әдісімен қызанақ, қияр егіп, егінді нәрлендіреді.  Өндірілген өнімді Елордамыз Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және солтүстік облыстарға жөнелтіп отыр.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.