ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫМЕН 21 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағынан барынша қолдау көрсету. Осы тапсырма аясында Түркістан облысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы аясында Түлкібас ауданында жергілікті әкімдіктің ұйытқы болуымен 21 отбасы баспанаға қол жеткізіп отыр.
Соның ішінде 6 отбасыға демеушілір есебінен тұрғын үй берілсе, 15 отбасыға мемлекеттік бағдарламамен пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 9 отбасының тұрғын үйі демеушілер есебінен жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 9 қарашасына дейін «Қамқорлық» жобасына қатысушы 93 отбасыға 215 млн.теңгеден астам қаржыға түрлі көмектер көрсетілген. Атап айтқанда, «Феррум Констракшн» ЖШС, «Грамад» гипермаркеті, «Мадина» макарон фабрикасының демеушілігімен әзірленген азық-түлік себеттері «Мейірім» еріктілер тобымен үлестірілді. Бұдан өзге, бекітілген мамандар тарапынан (аудан әкімінің аппараты, дербес бөлімдердің басшылары, жеке кәсіпкерлер) азық-түлік себеттері, аяқ-киім, киім-кешек, материалдық ақшалай көмек және көмір, отын үйме-үй таратылып берілді.