КЕШІРІММЕН ҚАРАУҒА БОЛМАЙТЫН НӘРСЕГЕ КЕШІРІМ БЕРЕ БЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ

«Мәңгілік ел» болу үшін елдік пен ерлікті біріктіруіміз қажет. Қазақты қарашаңырақтың құт-иесі ретінде ұрпаққа таныту үшін батырларымызды ұлықтау, сөйтіп, түптеп келгенде, төл тарихымызды танып-білу маңызды.

Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жалаңаштанып бара жатыр дейміз. Ащы да болса айтуға тура келеді, бұған тосқауыл қоймаса, ұлттық батырлық үлгі жоғалып, ұрпақ «өзінде бармен көзге ұра» (Абай) алмайтын мүшкіл халге жетіп, өзгеге табынып, тамсанумен өтпек.

*   *   *

Қазақтың қазақтығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі. Үйде де, түзде де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құдасымен де. Тек осыны жасаған адамның өзі ана тілін өркендетуге өзінің титтей де болса үлесін қоса алады.

Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың «қазақ тілі» деп сарнауының ешбір реті жоқ.

Жастайынан орысша оқып, орысша ойлап, орысшаға төселіп, орысша өмір сүріп үйренген кейбір шенеуніктер қазақ тілінің қанатын кеңге жаюына қарысып, қасарысып, жол бермей-ақ келеді.

*   *   *

Қайсыбірін айта берейік, қазіргі күні қазақ тілін өрге бастырмай жүргендер – орыс та, неміс те, кәріс те, украин да, еврей де емес, өзіміздің қазақтар. Бұл да – нәубеттің бір түрі. Нәубет болғанда да, рухани нәубет.

*   *   *

Сондықтан да, Бауыржан Момышұлы айтқандай, орыс мектебінде оқып жүрген қазақтың ұл-қыздарын бірте-бірте қазақ мектебіне тарта, көшіре беруіміз керек. Қалай? Мұны да Баукең қадап айтып кеткен: әкімшілік жолмен? Өте орынды пікір. Егер әкімшілік, билік қазақ тілінің мүддесін көздей алмаса, онда оның несі әкімшілік, несі билік?! Егер біз қазақ балаларын қазақ мектептерінде оқыта алмасақ, онда несіне «ұлт» атанып, «халық» атанып жүрміз?!

*   *   *

«Кешірілмейтін нәрсені кешірмеуіміз керек!». Сонда ғана ұлы үйлесім бұзылмайды. Енді мынадай көріністі көз алдыңызға елестетіп көріңізші: Қазақстан өте бай мемлекетке айналған. Экономикасы да өрлеп тұр. Халқы да әл-ауқатты. Үлкен де, кіші де, бала да, шаға да шат-шадыман.  Ұрлық жоқ, қарлық жоқ, зорлық-зомбылық жоқ, жемқорлық жоқ. Жастар шетінен тәртіпті делік. Бірақ… қазақ тілі жойылып кеткен. Қолданылмайды. Бәрі орыс тіліне көшірілген. Осындай «үйлесім», осындай «бақытты өмір» керек пе сізге? Әрине, керегі жоқ! Мұндай «үйлесімнің» де, «бақыттың» да көк тиынға керегі жоқ.

Кешіріммен қарауға болмайтын нәрсеге кешірім бере бермеуіміз керек.

Мінекей, жаңа министр тағайындалды. Өзі қазақ бола тұра, бір ауыз қазақша білмейді. Міне, облыс әкімі… Бұл да өзінің ана тілінде ләм-мим деп ауыз аша алмайды. Ал біз мұның бәріне кешіріммен қараймыз…

Баукең өз күнделігіне өзі кешірмейтін үш нәрсені жазып кетіпті. 1. Атабезерлік. 2.Анабезерлік. 3. Ұлтбезерлік. Және «Мұны мен еш уақытта кешірмеймін» дейді. Ұлттық тілден безу ұлтбезерлікке жатады. Демек, өзінің ұлттық тілінен безінген ұлтсыздарды Баукеңнің рухы еш уақытта кешпейді.

*   *   *

Қазіргі күні аса лауазымды шенеуніктердің қабылдауында болып, оларға өзінің өтініш-тілегін айтқан ақсақалды да, қарасақалды да, көксақалды да көріп жүрміз ғой. Еркісіз таңданасың. Әлгірлердің жағымпазданғанына, жалбақтағанына, бәйектегеніне. Не десек те, дәл қазір осындай жағымсыз әдет етек алыңқырап, көбейіңкіреп тұр.

Билік тізгінін ұстаған шенеунікке, әрине, ақсақал да, көксақал да, қарасақал да бірдеңе сұрап (үй, қаржы және т.б.), жоқ-жітігін түгендемек болып келеді. Не болмаса, інісін, баласын, келінін қызметке орналастырмаққа әрекеттенеді. Ерекше жалбақтайтыны, әсіре жағымпазданатыны содан ба екен?

*   *   *

Ең өкініштісі, қазіргі күні осындай ақсақалдық үрдіс үзіліп қалды. «Үзіліп қалдыңыз» не, мүлде жойылып кетті ме деп қорқамын. Қазіргі кезде ақсақалдарымыз облыс әкіміне кіріп, ғибратты әңгімені облыс әкіміне айта ала ма? Айта да алмайды және бұлар облыс әкіміне кіре алмайды. Кірген күннің өзінде әкімнің қолын сүйіп, жалбақтап, өзінің де есі шығып, әкімді де мезі қып бітеді. Осыдан кейін ақсақалда не қадір қалады, ақсақалдықта қандай қасиет болады?!

*   *   *

Әрине, ірі мінезділікті дүкеннен сатып ала алмайсың. Қарызға сұрап, не болмаса тапсырыс беріп шетелден алдыра алмайсың. Ірі мінезділік – менің өз зерттеуімше, тәрбиенің, оның ішінде де мықты қоғамдық тәрбиенің жемісі. Нәтижесі. Кейінгі буын күйкіленіп, майдаланып, шаяланып кетпес үшін ірі мінезді Баукеңнің қасиетін, үлгі-өнегесін жастарымызға насихаттай білуіміз керек. Және бұған айрықша ынта қойып, зор көңіл бөлуіміз керек.

*   *   *

Ойыңдағыны ашық айту – дөрекілік те емес, мәдениетсіздік те емес. Меніңше, өз ойыңды жасырып, күлбілтелеу, жағымсу, лауазымы үлкендердің алдында құрақ ұшу, олардың аузынан қандай сөз, нендей пікір шықса да, соны қостап, қошеметтей беру – елді де, ерді де өсірмейтін ессіз, пәтуасыз қылық. Мұндай жерде қандай шыншыл әңгіме айтылуы мүмкін? Шыншыл, байыпты әңгіме айтылуы үшін ойласып-кеңесу, пікір жарыстыру, керек десеңіз, сырласу, мұңдасу керек. Жағымпаз, жәреуке ортада мұның болуы да мүмкін емес.

Қазақ шенеуніктері бір-бірімен неге тең адамша, тең құқықты азаматтарша, тең атаның ұлындай сөйлеспейді? Міндетті түрде бірі – бастық, екіншісі – бағынушы. Бірі – жұмсаушы, екіншісі – жұмсалушы.

*   *   *

Ресейдің саясаттанушылары, әдебиетшілері, ғалымдары, жалпы зиялылары көбіне-көп «Үлкен мүдде тұрғысынан қарсақ…», «Үлкен мүдде биігінен көз салсақ…», «Бұл мәселеге үлкен мүдде тұрғысынан қарауымыз керек…» дегенді жиі айтады. Ал енді «үлкен мүдде» дегеніміз не? Бұл – белгілі бір мәселеге топтық мүдде, аудандық, не болмаса аймақтық мүдде тұрғысынан қарау емес, елдік мемлекеттік, ұлттық тұрғыдан қарау. «Үлкен  мүдде» дегеніміз де  осы. Біз де өзекті мәселелерге үлкен мүдде тұрғысынан, яғни елдік, мемлекеттік, ұлттық тұрғыдан қарауды үйренуіміз керек. Жасыратын не бар, қазіргі күні елдік мәселеге ауылдық,  топтық, тайпалық, рулық, ағайындық тұрғыдан қарау етек алып барады. Бұл – өте қорқынышты жайт. Бұл – елді де, ерді де өсірмейтін дерт. Осы дертті тоқтатуымыз керек. Сіз болып, біз болып. Жаппай жабыла жүріп. Себебі, бұл тұқым қуалайтын, жазылмайтын дерт емес. Емі бар дерт. Оның емі – тәрбие! Патриоттық тәрбие!

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.