ҚАЛҚАМАНОВТЫҢ «ҚҰДІРЕТІ» НЕМЕСЕ СУША ШАШЫЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫ
Түркістан облысында идеология саласындағы жұмыстың тізгіні «замаким» С.Қалқамановтың қолына тигелі заң талаптарын сақтаудан қалып барады деуге болатын сияқты.
Мысалы, облыста биылғы жылы берілген мемлекеттік тапсырыстың 80 пайызы бір көзден берілген. С.Қалқамановтан «добро» алмай бұл мүмкіндікке қолыңды жеткізе алмайсың дегенді айтып неге шырылдайды кейбір БАҚ өкілдері? Облыстық қоғамдық даму басқармасы өздерінің бір көзден тапсырыс берген таңдаулысына сараптама бере алмайды. Демек, бұл Қалқамановтың «құдіретімен» іске асырылатын болғаны, оны қазір Шымкенттің бес жасар баласына дейін біледі десек қателеспейтін шығармыз.
Мемлекеттік сатып алу заңында республикалық ҮЕҰ базасына тіркелмеген ұйымдарға қаржы бөлуге тыйым салынғанына қарамай, «Нұрлы болашақ» қоғамдық бірлестігіне 34 миллион теңгені ұстата салып және «Дос» жас ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігіне 49 миллион 107 мың теңге бере салады. Бұл С.Қалқамановтың «құдіреті» емес пе өзі? Көлеңкесінен қорқып, қалт-құлт етіп отырған облыстық қоғамдық даму басқармасы (Д.Жүнісов) 83 миллион теңге бюджет қаржысын заңбұзушылық жолмен жұмсады дегенге ешкім де сене қоймайды, әсте.
Басқарма дұрыс ойластырған болса, «Astana Orleu Sport» ЖШС-ға 105 миллион теңгенің жұмыстарын орындау мүмкіндігі жоқтығын біле отырып, осыншама мол қаржыны «суға ағызғандай» болған. Демек бір көзден кеткен халықтың ақшасы жоқтаушысын күтіп отырса, мәселені көтеруге бұл тақырып сұранып-ақ тұр.
С.Қалқаманов идеология саласы тізгінін ұстағалы атқарылған көңіл көншітерлік қандай жұмыстар бар? Салаға мемлекет қамқорлығы жанданып, биыл облысқа 2 млрд. 200 миллион, Шымкент қаласына 1,5 млрд-тан астам теңге қаржы бөлінгенімен, «жарқ» еткен іс жоқ. БАҚ-қа қаржының бөлінуінің көбеюі талан-таражды көбейтті. БАҚ-тың бетін даңғазалық жайлады. Айтылатын ащы шындық аз емес. Ең құрығанда «Айтпаса сөздің атасы өледіні» ұмытпайықшы.
Ә.МҰРАТБЕКОВ.