ТҮРКІСТАН: ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ САЛАСЫНА СЕРПІЛІС КЕРЕК
Түркістан қаласында қоғамдық көліктердің жай-күйі талқыланған жиын өтті. «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы ұйымдастырған жиынға партияның саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Жиында қоғамдық көлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жалпы облыс орталығындағы қоғамдық көліктер Түркістан облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес аптаның бес күнінде жолаушы тасымалдап жатыр. Күн сайын көліктерге дезинфекция жасалып, бетперде режимінің сақталуы қадағаланады. Сонымен бірге Б. Саттарханов даңғылындағы Bus lane жолағы автобус қатынастарын жеңілдетіп, көлік кептелісінің азаюына септігін тигізіп жатқаны да айтылды.
Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Темірбаев Түркістанның көлік қызметі талапқа сай болуы тиіс екенін жеткізді. Бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жасаған жұмыс сапарында облыс орталығын жан-жақты дамыту керектігін айтып, құрылыс барысына оң бағасын берген болатын. Демек, алдағы уақытта қаланың көлік саласы да ірі мегаполистерге сай өзгеруі тиіс.