ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАТТАР ПАРТИЯНЫҢ БАСТАМАЛАРЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясының ХХ съезі өтті. Алқалы жиынға Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, партияны жаңғырту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді.
– Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз. Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.
Жиында ҚР Президенті, Бюро мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Мемлекет басшысы «Таяудағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетін болады. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстеледі. Сонымен қатар біз мұны инфляция деңгейіне екі пайыз қосу арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді.
Сонымен бірге Президент «Nur Otan» партиясының Үкіметпен бірге жүзеге асырылатын «Өзгеру жолы – әркімге лайықты өмір» бағдарламасына 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Съезде Мәжіліс сайлауына «Nur Otan»-ның партиялық тізімі бекітілді. Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды. Сондай-ақ экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды. Жастар мен әйелдердің үлесі артты.
Биыл «Nur Otan» партиясының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтардың 84%-ті қатысты. Оның қорытындысы бойынша 6253 адам «Nur Otan» партиясының барлық деңгейдегі 216 мәслихатына арналған партиялық тізіміне енді. Партиялық тізімдердің 24%-ін мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды, ал 76% – жаңа тұлғалар. Праймериз барысында партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-ші үміткер «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді.
Партияның съезін Түркістан облысының делегаттары да онлайн режимде тамашалады. Облыс әкімі, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев бастаған делегаттар партияның бастамаларына оң бағасын беріп, жұмысты бірге атқаратындарын мәлімдеді.
Жалпы мәжіліске Түркістан облысынан 7 үміткер ұсынылып отыр. Олар: Қайнар Абасов, Құдайберген Ержан, Гүлжан Құрманбекова, Хайрулла Қожабаев, Сырым Ертаев, Мөлдір Бақытжанова және Ұлжанат Жұрымбетова.
Түркістан облысының барлық аудан, қалалары бойынша сайлауалды бағдарламалар әзірленді. Нақты жоспарлар бекітілді.