СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қазіргі қоғамдағы ең түйткілді  мәселе. Бұл жаһандық індеттің біздің  тәуелсіз де жас мемлекетімізге де айтарлықтай нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан да елімізде  сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Осы мақсатта қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң аясында ілкімді істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Яғни қоғамдағы парақорлық дертінің жолын кесуге, тосқауыл қоюға барынша мүдделілік танытып-ақ жатырмыз.

Жалпы мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа  бой алдыруының себебі аз емес. Солардың ішінде ең бастысы, біздіңше, ол  қызметшілердің білім-білігінің төмендігі,  ұлттық ұстанымнан алыс болуы және мемлекеттік мүддеден бас пайдасын жоғары қоюында болып отыр. Сондықтан бұл заң бұзушылыққа немқұрайлылық танытпауымыз керек.  Өйткені бейтарап қарау дерттің дендеп кетуіне

алып келеді. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқарудағы селқостығы да  оның тереңге тамыр тартып, тарала түсуіне септесіп отыр десек, артық айтқандық емес.

Демек елдің дамуына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіретін сыбайластықпен күреске тың серпін керек-ақ. Ал заңды  айналып өтудің зиянды жақтары  шаш-етектен екені айтпаса да түсінікті. Олай болса,  ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы нәтижелі болуы үшін бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыра түскен жөн.

Ал мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Тарқата айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның  қоғамға таралу жолдарын кесу үшін жұрт болып жұмылып,  бірлесе күш біріктіруіміз қажет. Сонда ғана кеселді дерттің кең таралуының алдын ала аламыз. Ендеше, жемқорлықты жоюды мақсат еткен  мемлекетіміздің бұл бастамасына барша ұлтжанды азаматтар белсене атсалысып,  ортақ мақсат жолында аянып қалмаса, жарқын болашаққа бастайтын жолды да жаңылмай табатын боламыз.

 

Желдобай Сержан,

Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер

басқармасының салықтық бақылау бөлімінің бас маманы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.