ШЫНДЫҚТЫ БҮРКЕЙ АЛМАЙСЫҢ, БІРАҚ ШЫНАЙЫ БОЛМАЙ ЖҮРЕККЕ ЖЕТПЕЙДІ

Өзекті мәселе

Жуырда Шымкент қалалық әкімдігі мен Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы бірігіп, «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу және ақпараттық стратегия» атты тақырыпта онлайн конференция өткізіпті. Кеш те болса қолға алынған шараға белсене қатысқан қаламгерлер де бар. Жаңашылдықтың жанайғайын көрсетуден гөрі, билік органының жұмыс істеп жатқанын барынша көрсетіп қалуға басымдық берілген.

Облыста фейктердің орынсыз көп берілуі індеттің таралуын азайтудың орнына, кесірін тигізгені де айтылады. Оның өзі де нақты дәлелсіз, жалпылама сөз етілген. Фейсбуктағы белгілі бір нақты жазба алынып, оның қисынсыздығы ашық айтылмайды. Жалпы әлеуметтік желі оңтүстікте келеңсіз әрекеттердің кеңінен таралуына мүмкіндік берді. Блогерлер болса өздерін дара туған «данышпан» сезінді. Ақпарат әлемінде түрлі былықтардың толып жатқанын көре тұра «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмады. Оқырманға түрпідей тиетін нәрсенің өзі әсер етпеді. Жұрттың бәрі «данышпан». Сорақылықты көрсе де көрмейді, білсе де түсінбегенсиді. Сондықтан індеттің өршіген кезіндегі фейктерде жарияланған нанымсыз ақпаратты оқыған біреуміз қатал сын айта алмадық.

Енді келіп фейк індетті өршітті дегенді тауып алып, айды аспанға шығарып жатырмыз. Рухани азғындық «ноқтасыз» қалып, беталдылыққа ұшырады. Ол ешкімнің қабырғасына батқан жоқ. Тіпті, оңтүстіктің бүкіл елге үлгі етерлік игі істерін жарытып жариялай алмадық. Түркістандық ақсақалдар өмірге әкелген «Ақсақалдар алқасы» жұмысын аудандарға  тарата алмай жатсақ, ол бүгінде республикалық телеарнаға да таралуда.

Шымкент қаласында да жас отбасыларды сақтау үшін арнайы кеңес құрылып, бір айда 20 отбасын татуластыру өнеге ретінде көрсетілгенімен, игі істі дамыту елеусіз қалдырылды.

Қысқасы, беталдылықты тоқтату бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі болып тұр.

О.Жылқыайдаров.  

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.