ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР БІР ҚЫЗМЕТТЕ 8 ЖЫЛДАН АРТЫҚ АТҚАРА АЛМАЙДЫ

Бұдан былай лауазымды тұлғалар бір қызметті сегіз жылдан артық атқара алмайды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін қағида талаптарына саяси қызметшілердің де ротациясы енгізіліп отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ерлан Ермаханбетов мәлімдеді.
Оның сөзінше, саяси және «А» корпусының қызметшілері өз лауазымдарына тағайындалған күнінен бастап төрт жылдан кейін ротациялауға жатады.
«Бұл ретте, уәкілетті адамның (органның) шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Одан әрі осы мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімін ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен тағы екі жылға ұзартуға жол беріледі. Яғни, саяси және «А» корпусының қызметшісі бір лауазымды жалпы алғанда сегіз жылдан артық атқара алмайды. Айта кетсем, қазіргі таңда Түркістан облысында қызметтегі 6603 мемлекеттік қызметшінің 22-і саяси, 1 қызметші «А» корпусының қызметшісін құрайды», – деді Е.Ермаханбетов.
Сондай-ақ, жиын барысында 1 қаңтардан бастап әр түрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін облыс әкімдігінің басқарма басшылары бір-бірімен ротациялануға жол берілетіні белгілі болды. Бұл ретте, «Б» корпусының қызметшісі өз лауазымына тағайындалған күнінен бастап үш жылдан кейін ротацияланады. Одан әрі, қызметшінің лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі. Айта кетерілігі, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен «Болашақ» бағдарламасының бітірушілері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артқан.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Биыл Академияның облыстық филиалы Түркістан облыс әкімдігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің қолдауымен 1532 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Олар біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау курстарынан өткен», – деді Ж.Момынқұлов.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.