Бейбіт заманда бүлік шығарудың Ислам шариғатындағы үкімі және заңға бағыну мәселесі
Ел іргесі тыныш бейбіт заманда жайбарақат жатқан жұрттың берекесін кетіріп, бүлік шығару адамдыққа жат нәрсе екені анық. Бұл – үй ішінен үй тігіп, қарапайым халықтың обалы мен бейкүнә жандардың қарғысына ұшырататын ең жаман іс. Кешегі Әз Тәукенің жеті жарғысында да ел тыныштығын бұзатын бүлікшінің ауыр жазаға тартылатындығы қадап айтылған. Елімізде әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздырған адам, дiни төзбеушiлiктi, артықшылықты уағыздайтын, елдің заңдық құрылысына қауіп төндіруге бағытталған, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне, ел тұтастығына қол сұғушылыққа шақырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, дініміз Ислам бұған қалай қарайды?
Араб тілінде бүлік шығаруға қатысты «фитна», «фасад», «ғисян», «бағи» деген сөздер жиі қолданылады. Құран Кәрімде басқарушы билік адамдарына қарсы шығу Алла мен Пайғамбарына қарсы шығумен қатар есептелген. Сондықтан да исламда «итаға» (басшыға бағыну) мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Бұл өз кезінде қоғамның әр саласындағы басқару жүйесіне бағынуды да білдіреді. Басшылыққа бағынбай қарсылық білдіру – ғисян деп аталып, күнә деген ұғымды білдіреді.
Исламда қоғам тыныштығын бұзатын іс әрекеттер қатаң сыналады. Құран аятында: «…Кімде кім бір жан иесін, бейкүна адамды өлтірсе, барлық адамдарды өлтіргендей болады. Кімде-кім бір адамды құтқарса барлық адамды құтқарғандай (сауап алатын) болады» – делінген.
Хадисте: «Алла үшін, дүниенің жоқ болып кетуі бір мұсылманның өлтірілуінен әлдеқайда құнсыз», «Бір-бірлеріңізге қарай қару кеземеңіздер. Байқаусызда шайтан қолдарыңызды тайдырып, тозаққа түсулеріңе себеп болады», – делінген. Сондықтан да халқымыз пышақ-кездікті адамға қаратып беруді әдепсіздік деп санап, қалжыңдап болсын қару кезеуді жаман іске балаған.
Бүлікті тудыратын жағымсыз істердің барлығы исламда тыйым салынған істер. Өтірік пен өсек, сөз тасу мен ғайбат, қиянат пен опасыздық бәрі де айналып келіп, ауыл елді тіпті, халық пен халықты жауластыратын жағымсыз әрекеттер. Бүлік тудырушылар мен күресу кезінде ерекше ескеретін бір нәрсе, адамдардың арасында діннің осы гуманистік бағытын кеңінен насихаттауды қолға алған дұрыс. Қазіргі ақпарат пен технологияның дамыған уақытында күш қолдану арқылы тәрбиелеу оңайлықпен жүзеге аса қоймайды. Адамдарды рухани имандылыққа бағыттап, ел-жұрты мен отанына деген сүйіспеншілігін ояту арқылы тәрбиелеген дұрыс.
Экстремизм және терроризм дегенде мемлекеттік қызметкерлер болсын, қарапайым халық болсын мұндай сұмдықтарды бірден дінмен байланыстырмауы тиіс. Біздің дәстүрлі дінімізде де, еліміздің заңында да экстремизм мен терроризм діннен туындайды деп айтылмаған. Экстремизм, терроризмдермен күрес дінмен күреске айналмауы керек. Діндегі ар-намыс пен мал-жанын, отанын қорғауға ынталандыратын аят-хадистерді дұрыс бағытқа бұруға қоғам болып кірісуіміз керек.
Исламда әсіре діншіл болуға да, діннен бет бұруға да жол берілмейді. Әсіре діншіл болудың өзі де дінге, халықтың рухани бірлігі мен ынтымағына шабуыл деп білген дұрыс. Діннен, тілден бет бұру тіптен қауіпті. Сондықтан бабарымыздың қаны мен терінің бодауына келген мынау бейбіт заманды, онатанды қорғай білу бабалар аруағы алдындағы борышымыз болмақ.
Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген