Псевдосәләфизм және қазіргі заман

Зерделеп қарайтын болсақ, кез келген діннің өз ішінен түрлі ағымдарға бөлінетінін аңғаруға болады. Адам табиғатындағы ой еркіндігін қаперге алсақ, бұл заңды құбылыс секілді. Сол себептен де Хақ елшісі (с.ғ.с.): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», деп ескерткен болатын. Осы тұста екі дүниеміз үшін аса мән беретін жәйт; сахабалардың бірі: «Уа Алланың елшісі! Жәннәтқа баратын топ қайсысы?» деп сұрағанда, пайғамбарлар падишасы (с.ғ.с.): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», деп жауап берген еді (Әбу Дәуіт, Сунна 1; Ибн Мажа, Фитан 17).

Ақиқатында Әнас ибн Маликтен жеткен басқа бір хадистегі: «Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» (Ибн Абу Асым «Әс-суннә») деген өсиеті бүгінгі күнде сунниттердің 87,2 пайызын құрайтын «Матуридилік» пен «Ашғарилік» мектебін ұстанатын сүнниттерді (Әһли сүннет уәл-жамағат) меңзеген.

Тарихта дәстүрлі ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың көпшілігі уақыт көшіне ере алмай жойылып кеткенімен, идеологиялық сарқыншақтары сақталып қалды. Оның дәлелі – теріс пиғылды ағымдар – дәстүрлі ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сұрқиялықпен сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда. Сондай адастырушы топтың бірі салафизм ағымының бір тармағы – сурурия ағымы.

Суруриттер – сәләфилердің ішіндегі саяси-идеологиялық ағым. Оның негізін қалаған Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Мухаммад Сурур бұрын «Ихуан ал-Муслимин» (мұсылман бауырлар) ұйымының ресми тұлғасы болған. Кейіннен ол ұйымнан шығып, өзінің саяси көзқарастарын Сауд арабиясында таратқан. Сауд Арабиясы патшалығында әскер қатарында офицерлік лауазымда болып, сондай-ақ, «Имам» ислам университетінде ұстаздық қызметтерін атқарған. Кейіннен Мухаммад Сурур Сауд Арабия билігін күпірлікке шығарып, араб елдерінен қашып, Ұлыбританиядан пана тапқан болатын.

Суруриліктің идеологиясын сәләфизим мен Ихуанизмнің (жиһадизм) қосындысы десек болады. Бұлар біріншісінен сәләфилік теріс ақиданың, соңғысынан саяси басқару, көтеріліс ұйымдастыру тәсілдерін алған.

Сарапшылардың тұжырымы бойынша – суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс агрессия көрсетіп, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.

Сурурия ағымының өкілдері ақидада негізінен Ибн Таймияның концепцияларына арқа сүйейді. Ибн Таймия – 661/1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Сәләфизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламалырының қағидаларына қайшы келіп, дін негіздеріне «Таухид» ілімін үшке бөлуді негіздеп, Құран Кәрімдегі «Мүтәшабиһ» аяттарды тікелей мағынасында қабылдаған. Алайда, бұл негіздерді ислам ғұламалары бірауыздан теріске шығарғандығы мұқым мұсылман әлеміне мәлім.

Яғни, уаһабшылар – суруриттер, мадхалиттер және такфир жамағаттарының ақида (сенім тұрғысынан) негізі бір болғанымен діни ұстанымдары мен көзқарастары әртүрлі.

Бұлардың әрқайсысына жеке тоқтала кеткеніміз жөн болар. Суруриттердің ақида тұрғысындағы көзқарастары қалған екі топтың ұстанымымен бірдей. Бірақ, исламды жеткізу мен түсінудегі пікірлері қарама-қайшы келеді. Міне, осы келіспеушілік уаһабшылардың өз ішінде бөлінулерінің басты айғағы да осы. Ал, қазіргі таңда қарқынды түрде қоғамға өздерінің теріс пиғылды пікірлерін таңып отырған ағым – мадхалиттер. Десек те, олар өздерін мадхалиттер деп атауға қарсы, себебі өздерін Рабиғ әл-Мадхалидің шәкірті емеспіз деп ақталады.

Сондықтан да, өздеріне тағылған бұл атауды негізсіз деп есептейді. Бірақ, олардың мойындайтын көсемдерінің барлығы дерлік – Рабиғ әл-Мадхалидің ұстанымын жақтайды. Мадхалиттер алғашқы уаһабшыларға қарағанда азда болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағанын ашық жарияламай, мәзһапқа еруді адасқандар санатына теңейді.

Дегенмен, қаншама ислам ғұламаларын жаттап, мәзһабты мойындамағанымен өздерінің мәзһаб құрып алғандарынан хабарлары жоқ. Ал ақида сенім жүйесін негізін қалаған, сүннет жұрты және жамағатының әлемге әйгілі – Имам Әбу Мансур әл-Матуриди және Имам әл-Ашғари сынды ғұламаларының ақиқат сенім тұғырларын жоққа шығарғанымен қоймай, оларға «адасқан философтар» деген сынды жала жабуларынан бас тартар емес. Бұл ғайбат емес, ақиқат.

Қазіргі таңда ағымдар айналары ашылып жатыр. Сондықтан да сурурия ағымы – ихуандық бағытының қазіргі таңда сәләфия терісін жамылған айла-тәсілдері қоғамдағы аса қатерлі жайттардан болып табылады. Өйткені, іштегі дүниесін өзара бөлісіп, күндізгі сырттай әңгімелері бөлек болмақ. Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз.

Алла еліміздің іргесін аман етіп, халқымызға ауызбіршілік, бейбіт өмір сыйлағай!

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.