Сәләфит (радикал) тұлғасы қалай қалыптасады?

Сәләфиттер көбінесе қарадүрсін сипатта өз сенімдерін ашық үгіттейді. Олар өз ұстанымдарымен сәйкеспейтін мемлекет саясаты мен дәстүрлі үрдістерді ашықтан ашық сын тезіне алады. Әсіресе, зайырлы құндылықтарды кінәлап, оны алмастырушы кемел діни ілім ретінде сәләфизмді насихаттайды.

Олар көбіне-көп заңды ұйым емес, топ болып құрылады. Сондықтан да, мемлекеттік органдар олардың қауіптілігін қаперге ала бермейді. Бірақ, сәләфиттер зайырлы жүйені діни тұрғыдан сынай отырып, өз жақтастарын қоғамнан топ-топ болып оқшаулануға шақырады. Яғни, тәкбіршілер өз топтарына жалаулатып ат қойып, ұйым құрмағанмен, зайырлы құндылықтардан ұзақ, санасы тұмшаланған бітеу жеке тұлғалардың қарасын көбейтеді.

Әсілі, сәләфиттер зайырлы қоғамға ашық жауығуымен ерекшеленеді. Кейде олар өз идеологиясын насихаттау барысында әлеуметтік мәселелерді құрал етіп пайдаланады. Қоғамда орын алып жатқан теңсіздік пен сұрықсыз көріністерді һәм діни дүмшелікті өткір түрде айыптайды. Осыған орай кейде сәләфиттер батыл іс-қимылымен кейбір таяз ойлы адамдардың сүйіспеншілігіне бөленіп жатады. Оларға ерушілер үшін сәләфизм сенімі әділеттілікті қалпына келтіруші мазмұндағы діни идеология болып санала бастайды. Яғни, әлеуметтік-психологиялық күйзеліске түскен азаматтар өздерін турашыл етіп көрсеткен сәләфиттерге алданып жатады.

Жалпы, сәләфизмді насихаттау­шы­лардың іс-әрекеттері әдіснамалық тұрғыдан алғанда әртүрлі сипатқа ие. Оның себебі әрбір кеңістіктің діни танымы мен әлеуметтік ахуалының түрлі деңгейде болуында. Осыған қарай сәләфизм насихаттаушылары локальді ерекшеліктерді ескере отырып, өтімді әдіс-айлаларға жүгінеді. Мысалы, саяси қолдауға ие, қаржылық қоры мол сәләфизмнің кейбір тармақтары өз ілімдерін алдын-ала жасалған кешенді жоспар негізінде насихаттайды. Шартты түрде алғанда адамдарды арбауы мынадай бірнеше кезеңдерден тұрады:

Бірінші кезеңде сәләфиттер бұқара халыққа өздерін жақсы қырынан танытуға тырысып бағады. Тағат-ғибадатшыл, көпшілікке қайырымды, турашыл, қайсар, табанды һәм жаны жомарт бейнеде өздерін жақсы сомдайды. Дін насихатында өз идеологиясын ашық айтпағанмен, сәләфизм ошақтары саналатын елдердің мұсылманшылдығын көбірек мақтайды. Осы арқылы көпшіліктің өздеріне деген ықыласын оятуға күш салады.

Екінші кезеңде сәләфиттер өздеріне жақын тартқан белгілі-бір азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасауды қолға алады. Тұзаққа түсіргісі келген адамдарға әрбір мәселеде жанашырлық танытып, тіпті олардың діни емес мазмұндағы қуанышына да ортақтасып, күнделікті өмірде қоян-қолтық араласады. Сәләфиттерден жылуар көрген азаматтар біртіндеп тұрақты қарым-қатынас орнатады. Олардан әрбір мәселеде ақыл-кеңес сұрайтындай халге жетеді.

Үшінші кезеңде сәләфиттер нысанаға алған азаматтардың сеніміне кіргеніне толық көз жеткізген соң оларға қоғамдағы жағымсыз жәйттерге сын көзбен қарауды үйретеді. Күнделікті өмірде не нәрсенің адал, не нәрсенің арам болатынын, қандай амалдың ширк, қандай амалдың сауапты екенін едел-жедел түсіндіруге тырысады. Арбалушы азаматтар да сәләфиттердің уағызынан әлі пәлендей өзгеше теріс пікір естімегендіктен, олардың илеуіне көндіге түседі. Бірақ, олар өздерінің зайырлы қоғамға өгей бола бастағанын аңғармайды.

Төртінші кезеңде өздерімен тұрақты байланыс жасаушы азаматтарға діни дәріс өткізуді жүзеге асырады. Кейде кітаптарын оқытса, кейде өздерінің шейхтарының уағыз-насихаттарын тыңдатады. Сәләфизмді насихаттайтын сайттардың тұрақты оқырманы етуге күш салады. Осылайша арбалушы азаматтардың санасында сәләфизм ілімінің негіздері қалыптасады. Ішкі жан-дүниесінде үлкен өзгерістер орын алады. Олар сәләфизм іліміндегі «Үш негіз» теологиялық тұжырымын Хақ діннің басты тіректері деп қабылдай бастайды.

Бесінше кезеңде олар өз жемтіктерін зайырлы қоғамнан мүлде жерітіп, шетелде білім алуға немесе шетелдегі «толық исламды» көруге шақырады. Ал, оған арбалған азаматтар қағынан жерініп, шетелге кетіп «толық исламмен» қауышуға әзір тұрады. Сөйтіп қажылық-умра немесе шетелге саяхаттауды себеп қып сырттағы сәләфизм ошақтарына аттанады. Отқа итермелеушілер алдын ала белгіленген жоспар бойынша олардың қабілет-қарымына қарай кейбірін діни оқуға, кейбірін әскери жаттығу базасына жібереді.

Алтыншы кезеңде сәләфизм ошағына келген азаматтар әуелгіде араб тілін меңгеріп, кейін ибн Тәймийа, ибн Жәузийа, Шәукани, Мұхаммед Абдулуаһаб, ибн Фаузан, ибн Усаймин, ибн Баз, шейх Албани, Ахмет Сурури, Рабиғ Мадхали және т.б. сәләфизм шейхтарының еңбектерін оқып, жан-жақты діни білім алады. Ал, физикалық әлеуеті мықты, бірақ ой-өрісі тар, мінез-құлқы қатал азаматтар арнайы базада әскери қабілет-қарымдарын жетілдіреді.

Жетінші кезеңде сәләфизм ілімімен жан-жақты қаруланған азаматтар өз еліне қайта оралып, зайырлы құндылықтар мен дәстүрлі исламды мансұқтап, игерген теріс діни ілімдерін кеңінен насиқаттайды. Құлақ түріп тыңдаған азаматтардың бәрін мемлекет пен қоғамға қарсы қояды. Ал, сәләфизмнің әскери базасында арнайы жаттығыудан өткен содырлар зайырлы мемлекетті тағұтқа балап, берілген бұйрыққа сай тағұттың күл-талқанын шығару үшін беліне «шахид» белдігін асынады. Міне, сәләфиттер жанкешті тұлғасын осылайша қалыптастырады.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.