ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ДІНИ АХУАЛ

 

Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуында діннің рөлі аса маңызды. Кеңес Одағы құлаған соң діни фактор  адамдар санасындағы шешуші факторлардың біріне айналды. Дін қандай да бір құтқарушы және демберуші күшке және сенімге айналды. Діни қатынастар қарыштап дамыды. Керісінше мемлекеттің дамуы мен азаматтық қоғамның дамуы діни қатынастардан көп кейінге қалып қойды. Бұл мойындамасқа болмайтын фактор.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ көптеген шетелдік діни миссионерлер Қазақстанға мыңдап келді десе болады. Мұсылман елдерінен келген  миссионерлер жүздеген тегін мешіттер соқтырды, мыңдаған жас жеткіншектерді мұсылмандық орталықтарға оқуға жіберіп жатты. Олар Сауд Арабиясы, Түркия, БАЭ, Кувейт, Пакистан, Египет т.б. елдерде бірнеше айлар,  кейбіреулері жылдар бойы оқыды. Олардың бойында Қазақстандағы дәстүрлі ханафидтік мазхабтың орнына түрлі уахаббистік, салафилік, тәкпірлік т.б. діни ұстанымдар қалыптасып қана қоймай араб-парсылық діни-мәдени дәстүрлер де қалыптасты. Шынында олар қазақ қоғамына қарсы адамдар болып қайта оралды. Бұл процестер ең кемі 20 жылға созылды, бірақ кейбір жақтары әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар дәстүрлі емес христиандық-протестанттық секталар мен ағымдар да Қазақстанға жыл сайын үсті-үстіне ағылып келіп жатты. Олар тәуелсіздіктің бірінші екінші жылдарында-ақ заңды түрде тіркеліп, шіркеулері мен храмдарын, діни оқу орындарын ашып жергілікті халықты мыңдап христиандандыру процесін жүзеге асырып жатты. Олар жергілікті қазақтардан өз миссионерлерін, пасторларын, басқада үгітшілерін дайындап қоғамды іштей іріте бастады.

Сыртқы күштер Қазақстандағы ең негізгі дін Исламның ішінде бірлікті ыдыратуға күш жұмсап бақты. Негізгі діни орталық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамайтын исламдық теріс ағымдар жетіп артылды. Олардың ішінде «Хизбут-Тахрир» діни-саяси партиясы, «Мұсылман бауырлар», «Зікіршілер», «Уахаббшылар мен салафилер», «Тәкпіршілер», «Құраншылар» т.б. ағымдардың қауіптілігі әркімге белгілі. Сот шешімімен шетелдік және Қазақстандық  діни ағымдарға елімізде әрекет етуге тиым салынды.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.