«ТӨРЕЛІК» АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ АРТУДА
Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла келе бірнеше рет реформаланды. Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 27-қадамында көзделген жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және мемлекеттік сот орындаушылары қызметін кезең-кезеңімен қысқартуды қамтамасыз ету ерекше маңызға ие екені көретілген.
Сот актілерінің жедел әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету негізінде, Қазақстан Республикасының Әділет Министрінің 29.12.2015 жылғы №652 бұйрығымен жеке сот орындаушылары арасында атқарушылық құжаттарын бөлу ережесі бекітілді. Бұл «Автобөлу функционалы» атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушыларының арасында жедел, әділ, уақтылы және автоматты бөлінуін қамтамасыз етеді.
Алайда, заңды күшіне ене тұра, ұзақ уақыт бойы орындалмай келе жатқан сот актілері де баршылық. Онымен қоса, борышкерлер сот шешімін орындаудан жалтарып, сот орындаушысына түскенге дейін сот шешімін өз еркімен орындамай жүреді.
Заң алдында барлығы бірдей. Сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмаған сот шешімі болмауы тиіс. Ал, орындалуын қамтамасыз ететін жеке және мемлекеттік сот орындаушылары сот актілерін орындау барысында, түбегейлі жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін соттармен, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және өзге де мекемелермен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауы керек. Тек сонда ғана сот шешімдерінің сапалы әрі уақтылы орындалуы қамтамасыз етіледі.
Сот тарапынан борышкерлерге сот актісін өз еркімен орындау үшін уақыт беріледі. Азаматтық, қылмыстық істер бойынша сот актісі заңды күшіне енгенге дейін, әкімшілік іс бойынша 10 тәулікке дейін айыппұлды төлеуге уақыт беріледі. Орындалмаған жағдайда, ол мәжбүрлі түрде орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданады. Сот шешімін орындаудан жалтарған борышкерді Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттама жасап, сотқа жолдаған кезде, сот қаулысымен борышкерге айыппұл салады немесе әкімшілік қамауға алады. Сонда ғана борышкер сот шешімін нақты орындау керек екенін ұғынады. Осы негіз бойынша Арыс аудандық сотында бүгінгі таңға дейін 11 іс қаралып, 2 іс бойынша айыппұл салынып, 8 іс бойынша әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылған.
Жұмысын тиімді әрі сапалы атқарған сот орындаушыларына сот тарапынан жеке сот орындаушыларының республикалық немесе өңірлік палатасына ұсыныс жазылып, олар марапатқа ұсынылады. Қазіргі таңда әрбір облыста жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы қалыптасып, өз жұмысын атқару үстінде. Алайда, жеке сот орындаушылардың жауапкершілігін шешу барысында және жұмыстарына бақылау немесе қадағалау жүргізу бойынша өңірлік палатаның өкілеттіктері мен жауапкершілігін арттыру керек деп санаймын. Себебі, талап пен бақылау бар жерде жұмыстың сапасы мен нәтижесі болады. Өйткені сот актілерін тиімді орындау – мемлекеттік заң жүйесінің маңызды шарты, мемлекетке деген сенімнің кепілі.
Сален Нилуфар,
Арыс аудандық сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы.