«БАРЫСТЫҚТАРДЫ» МАРАПАТТАУ
«Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жиынында Түркістан облысының атынан қатысқан «Барыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Облыстың жас патриоттарын құрметтеу рәсімі Түркістан қаласындағы облыстық жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараға Түркістан облысы әкімдігінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің Өңірлік кеңесінің өкілдері және жаттықтырушы-оқытушылар қатысты.
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны – бұл өскелең ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сезімдер мен ел қорғауға дайын азаматтың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететін, ел жастарын біріктірген бірегей іс-шара.
«Дәл осындай жарыстар арқылы біз жастардың азаматтық борышын және Отанды қорғау бойынша конституциялық міндеттерін орындауға дайындығы мен практикалық қабілеттерін қалыптастырамыз. Қазір біздің алдымызда Арыс қаласының әртүрлі мектептерінің оқушылары ғана емес, көпті білетін және көп нәрсені үйренген ұйымшыл ұжым тұр. Бұл олардың жанында үнемі болған және барлық бастамаларында қолдау көрсеткен жаттықтырушы-оқытушыларының еңбегі. Осы жеңіспен барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын!» — деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, майор Жандос Күлдербаев.
Кубоктар, медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталған жас патриоттар, көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.
Атап айтқанда, «Біз біргеміз» челлендждер байқауының қорытындысы бойынша «Барыс» әскери-патриоттық клубының бейнеролигі ең көп көрулер (8,5 млн.), лайктар (98 мың) және оң пікірлер (72 мың) жинап, өзіне бірінші орынды сенімді қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, клуб тәрбиеленушілері «Смарт сарбаз» робототехника конкурсы, белтемірге тартылу, сондай–ақ жалпы әскери қорғаныш костюмін кию бойынша рекорд орнатты (53 секунд – Алпамыс Балабек, 57 секунд-Ұлдана Әскербек).
«Алда әлі талай шыңдарды бағындыруымыз керек. Бұл ретте біз өткен жиында көрсеткен нәтиже бойынша деңгейді үнемі ұстап тұруға тиіспіз. Біз технологияның қарқынды дамып келе жатқан ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Біз өз патриотизмімізді іс жүзінде дәлелдей отырып, елге пайда әкелу үшін барлық жаңалықтарды игере үлгеруіміз керек», — деді «Үздік жас сарбаз» номинациясының жеңімпазы Әбдібек Қуаныш.
Айта кетсек, биыл «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны алғаш рет онлайн режимде өтті. Оған бүкіл Қазақстаннан 39 команда қатысты. Олар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша, зияткерлік және шығармашылық конкурстарда өзара сайысты.