ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АБАЙ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
Төлеби ауданында ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай аллеясы ашылды. Жаңа аллея аудан орталығындағы Әйтеке би көшесінде орналасқан. Демеуші азаматтардың қолдауымен саябақта ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді. Мүсіннің биіктігі – 3 метр, тұғыры – 2 метрді құрайды.
Абай аллеясының ашылу салтанатына аудан әкімі Б.Омарбеков, аудан ардагерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Темірғали Көпбаев сынды зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
«Бұл шара — ұлы Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеуге бағытталған. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық»,- деді жиында аудан әкімі.
Айта кетерлігі, ондағы балалар және спорт алаңшалары тұрғындардың дене шынықтыруы мен серуендеуіне қолайлы жағдай туғызатын болады.