ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕН КӨШ БАСТАП ТҰР
Республика бойынша баспанамен қамтамасыз ету бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Биыл 548,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, түркістандықтар жаңа баспанаға ие болды. Осылайша тұрғын үйді іске қосудың жылдық қорытындысы жоспардан тыс орындалып, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен іске асырылды. Қаңтар – қараша айының қорытындысымен облыс аумағында 4356 пәтер пайдалануға берілген.
Облыстағы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының сапалы орындалуы Түркістан облысы басшылығы тарапынан қатаң бақылауға алынған. Бағдарлама аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд. теңге бөлінді. Қаржы 40 арендалық тұрғын үй құрылысына, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 89 кредиттік тұрғын үйдің құрылысына бағытталды. Жыл қорытындысы бойынша 69 нысан пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін болады.
Мемлекеттік бюджет есебінен 1778 пәтерлі сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Арендалық 14 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Атап айтсақ, Кентау қаласынан 10 үй, Түлкібас пен Шардара ауданынан 1 тұрғын үйден және Сарыағаш ауданында 90 пәтерлі 2 көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Түркістан облысы аумағында әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту мақсатында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 1452 отбасы қоныс тойын тойлайды. Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан 7, 9 және 12 қабатты 64 тұрғын үй салынуда. 4 мыңға жуық пәтерлі баспаналардың жалпы аумағы – 240,8 мың ш.м.