ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 180 МЫҢ «СПУТНИК – V» ВАКЦИНАСЫ ЖЕТКІЗІЛЕДІ
Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына тыйым салынып, өңірде жаппай рейдтік іс-шаралар өтеді.
Бір апта ішінде өңірде Covid-19 инфекциясын жұқтырған 59 адам тіркелді. Соңғы тәулікте облыс аумағында қауіпті індет жұқтырған 16 адам анықталған. Олардың басым бөлігі шекара асып, алыс жолдан келгендер. Сырқаттанғандардың арасында жиын-тойлардан жұқтырғандар көп. Осы ретте өңірде коронавирус инфекциясына шалдыққандардың арту қаупі бар.
Алдағы ақпан – маусым айларында Түркістан облысына 180 мың доза Спутник-V вакцинасымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл еліміз бойынша ең көп сұраныс. Түркістан облысында пандемия басталғалы 364 700 адам ПТР тест алынды.
Мереке күндері Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген күн тәртібінде қызмет атқарады. Азаматардың жаппай жиналу орындарында полиция жасақшыларының тығыздылығы күшейтілді. Қоғамдық тәртіппен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 635 қызметкер 69 арнайы автокөлік жұмылдырылып, орналастыру жоспарымен бекітіліп, қызмет атқарады.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткізілетін лездемелік мәжілісте облыс бюджетінің игерілуі және жыл қорытындысымен күтілетін болжамды орындалуы, облыс бюджеті есебінен құрылысы жүргізіліп, аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз» АҚ-ның теңгеріміне өткізу және аудан, қалаларда газ қызметін құру жұмыстарының барысы ортаға салынды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл өңірде 70 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясымен бірлесе атқарылған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 1 643 өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға 421,4 млн.теңгеге демеушілік көмек көрсетіліп, 43 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аз қамтылған азаматтардың үлесі төмендеп, облыс халқының жалпы санынан 10,8% құрады.
Келесі жылы Түркістан облысында «Әлеуметтік қызметтер порталы» жұмысын бастайды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік сатып алусыз-ақ, тікелей оналту шараларын сапалы және делдалсыз еркін таңдауға толық мүмкіндік алып отыр. Ол үшін мүгедектігі бар азаматтар электрондық-цифрлық қолтаңбамен толық қамтамасыз етіледі.