АҚЫЛЫНА ҚАРАП ЕМЕС, АҚШАСЫНА ҚАРАП ҚҰРМЕТТЕЙТІН БОЛДЫҚ
СОВЕТ-ХАН ҒАББАСОВ
Қайырымы мол, әділетті қоғам болмай, адамдардың бойындағы ізгілік те, қайырымдылық та оянбақ емес. Арсыздық пен арамзалық жайлаған өткен жылдар, адамдардың жан дүниесін соншама ластап кетті. Адамдардың рухани тазалығын кірлетіп, ұяты мен иманынан аздырды. Соның салдарынан, қазіргі адамдарға өтірік айту, алдау, арамзалықпен арбау түкке тұрмайды. Оны жасаудан ұялмайды, ішкі арам ойынан құтылудың күші мен халық дәстүрінен қуат алып қана ізгілікке ұмтылуға болар.
* * *
Жұртымызды тіл атты діңгегін шайқалтып, құлатуды көксейтін шалақазақтар мен космополиттердің жөнін табудың да уақыты жеткен тәрізді. Орыс бодандығынан енді ғана босадым ба деген Қазақ халқы, өз ішінен шыққан шұбар жылан тәрізді не тілін, не дінін, не салт-дәстүрін сыйламайтын шалақазақтардың бодандығымен қасірет шегіп отыр. Ұлтымызды мұнан әрі қорлай беруге болмайды!.. Ел мен Жердің тозғындауын тоқтатудың уақыты жетті…
Бүгінгі шалақазақтар мен космополиттердің кесапат әкелуінің басты себебі – олар ата-баба зердесімен байланыста болмағандықтан, халықтық-ұлттық құндылықтар дегенді түсінбейді, керісінше оған жатырқап қарайды.
* * *
Ана тілімізді саудаға салып келеке етудеміз, ал дін мен діл туралы сөз қозғаудың өзі ұят-ақ! Және осының бәрін жасап отырған кімдер? Өзгелермен қоса, өзімізден шыққан космополиттер екенін енді айтып қана қоймай, шара қолданып, айыптайтын мезгіл жетті. Әлде, біздің бүйректен сирақ шығарып, тағдырымызды қиындату қанымызға сіңген қаскөйлік пе?
* * *
Ел тыныш, жұрт аманда «жер сатамыз» деуге бізді кім итермелеп тұр. Тағы да сол, осы жерді қанымен де, жанымен де сақтаған халықты қорлап, дүние жүзінде тарыдай шашылып, ұрпағына жат болайын деп тентіреп отырған жұртты жинап алмай, жерді кімге сатпақшы? Халықты жарылқаушылардың жерді сатып байымақ ойлары күлкілі емес пе? Ең әуелі, жеріміздің асты мен үстінде жатқан байлығымызды игеріп алсақ та жетер еді-ау. Тіпті, қолымыздағы бар қаражатты игере алмай отырғанымызды шешіп алғанымыз жөн деудің өзі артық қой. Мінекей, осының бәрі де үндесе дамымаған саясат пен идеологияның әсері екенін мойындауымыз керек. Ендігі жерде ақыл қоса отырып, береке-бірлікпен негізі мәселені шешкеніміз дұрыс.
* * *
Той тарқағаннан кейін арақ ішкен екі жасты күтіп тұрған ақ төсектен уланған ұрпақ туады. Өйткені, күллі наркотикалық заттардың, соның ішіндегі арақ-шараптың адам ағзасындағы бірден барып уландыратын мүшелері ми қабаттары мен ұрық бездері екендігі ғылыми түрде дәлелденген нәрсе. Адам ағзасына түскен арақтың 100 грамы ағзадан 7 күнде еркектің бойынан, 28 күнде әйелдің ағзасынан әрең шығып тазарады екен.
Ендеше, ертеңгі өмірге келетін ибасыз қыздар… қатыгез ұлдардың көбеюіне кім кінәлі болады?!
Біздің ойымызша, келер ұрпақ алдында қауым болып қателесіп жүргендігімізді дер кезінде, уақыт өткізбей мойындағанымыз жөн. Өйткені, тіршілік заңы өте қатал. Оны нәпсісіне еріп бұзғандар, түбінде бір жапа шекпей қалуы мүмкін емес. Сондықтан да табиғат қойнауларында тіршілік ететін күллі жан иелері, ұрпақ қамына кірісерде, тек судың тұнығын ішіп, шөптің асылын жеуге тырысады. Тіпті, олар өз бойларындағы арам тер мен артық майынан да арылуға арнайы уақытын жібереді. Ал пендешілікпен шырмалған адам баласы, керісінше, ақылы мен парасатын әдейі уландыратындығын қалай түсінеміз? Біздің ойымызша, бұл масқара халден ел-жұрт болып тез арада тыйылуымыз керек.
* * *
Бізге керегі – ұят арнасы. Ол да жабылу алдында. Мысалы, бұрындары төрт-бес жастағы бала жайсыз нәрсе жасап қойса, ұялып, қызарып кететін. Ал бүгінде ондай баланы таппайсыз. Міне, бұл – ұят арнасының жабылғандығы.
Қазір Төлеген мен Қыз Жібектің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың арасындағы махаббатты кездестіре алмайсыз. Жігіт пен қыздың арасындағы сүйіспеншілікті былай қойғанда, ата-ана баланы, бала ата-ананы сүюден қалып барады. Сәбиінен безініп, балалар үйіне тапсыру, ата-анасынан безініп, қарттар үйіне тапсыру күнделікті өмірдегі, қатардағы үрдіске айналып барады. Бұл – сүю арнасының жабылуы.
Бұрынғы уақытта «ой, қандай мінезді азамат» деп сүйсініп, мадақтап отыратын. Бүгін ондай мақтауға лайық адамды күндіз қолға шам алып іздеп табу мүмкін болмай қалды. Оның есесіне мінезсіздер қатары өсіп барады. Ақылына қарап емес, ақшасына қарап құрметтейтін болдық. Құлқынның құлына айналғандар көбейді. Жағымпазданып, үлкен басымен жасы кіші қалталының алдында құрдай жорғалайтындар қатары толығуда. Мінездің жоғалуы – міне, осы.
* * *
Ауылда болсын, қалада болсын немересіне ертек айтып, қазақ әндері мен күйлерін, өсиет жырлар тыңдатып, немересін еңбекке баулып, ұлттық салт-дәстүрді үйрететін ата мен әжені табу қиын. Кейде көшеге шығып серуендеп қайтам. Кейіп қайтам. Өйткені немересін қолынан жетектеген ата немесе әженің немересімен орыс тілінде сөйлесіп кетіп бара жатқанын көріп, жүрегім ауырады. Қазіргі аталар мен әжелерде өнеге де, өсиет те қалмай барады. Бала тәрбиесінің нашар болуы – шал мен кемпірдің тәрбиесінде болуында емес, қандай шал мен кемпірдің тәрбиесінде болуында.
Әкенің бүгінгі таңдағы ұлттық бала тәрбиесіндегі алар орны жоқ деуге болады. Өйткені тартқаны – темекі, ішкені – арақ, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым әке балаға қандай тәрбие бере алады? Ал аналарға келсек, бесіктің құдіретін ұқпайтын, бесік жырының мәнін білмейтін, омырауымен баласын қоректендірмейтін анадан не күтесіз? Ең сорақысы, «аттан қалма, байталым» деп ерлермен жарыса темекі тартып, арақ ішетін ана өз қылығы қасірет екенін ұқпаса, оған не шара? Мұндай аналардан қандай тәрбие күтуге болады? Қазіргі жас аналардың жүріс-тұрысы, киім киюі ұлттық салт-дәстүрімізге сай келмейді. Өз бойында жоқ қасиетті балаға қайдан берсін?!