СЫНАҚТАН ӨТПЕГЕН ЕКПЕНІ САЛДЫРАСЫЗ БА?

Қазақстанда 10 миллион адамға COVID-ке қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Ел халқына ресейлік «Спутник-V» вакцинасы салынбақ. Алайда бұл екпе туралы басқа елдер қандай ойда? Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда вакцина салынатындар 18 жас пен 60 жас аралығындағы азаматтар болмақ.  Сондай-ақ, министр ресейлік  «Спутник V» вакциналарының екі миллион дозасын алу туралы келісім бар екенін атап өтті. Ол Қазақстанға субстанция түрінде жеткізіледі және кейіннен Қарағанды фармацевтикалық зауытының базасында өндіріледі екен.

Сонымен аты шулы денсаулық министрі Цой сөз еткен вакцина туралы шет елдер не дейді? «Спутник-V» вакцинасы ә дегеннен қабылданбай, қарсылыққа ұшыраған екпе болатын. Ең алдымен бұл екпені Еуроодаққа мүше елдер «керексіз дүние» деп бағалап, кері ысырды. Артынан АҚШ та COVID-тің алдын алады деп Ресей өндірген вакцинаны келеке етіп, «мұндай екпені тіпті маймылдарға да салдырмас едік» деп мәлімдеді. Ал ресейлік БАҚ бұл вакцинаны дәп бір жер планетасының барлық елі сұрап, алып жатқандай етіп көрсетіп, ақпаратты таратып жатыр.

Ал Түркия үшінші фазадан өтпеген вакцинадан бас тартты. Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін ел ғой, әйткенмен, үшінші фазасы дайын болмағандықтан, тәуекелге бармайтынын айтты. Ал АҚШ аурулардың алдын алу және қадағалау орталықтарының Орталық Азия өкілдігі басшысының пікірінше, вакцина толық тексерістен өткеніне сенімді болған кезде ғана салдыруға болады.

Ал өзгенің қаңсығы бізге әбден таңсық болып үйренгендіктен, біздің денсаулық министрі жаппай вакцина салдыруды жоспарлап отыр.  Ресейлік вакцинаны санаулы ғана ел сатып алған. Онда да сынақ жасау үшін екпені аз ғана мөлшерде алып жатқан көрінеді. Неге? Себебі, сенім жоқ. Ресейде әлем білетін иммунологиялық мектеп те жоқ. Сондықтан Ресей Федерациясы иммундау үшін шынымен сапалы дәрі жасай алмайтыны бесенеден белгілі. Тіпті ресейшіл векторда өз саясатын құрған елдер де ресейлік вакцинаның клиникалық сынақтарының толық аяқталуын күткенді жөн көреді немесе қазір вакцинаны басқа өндірушілерден сатып алуда.

Олай болса, «есі дұрыс елдер» бас тартқан вакцинаны Қазақстан неге жанталасып жарнамалап жатыр? Жарнамасы аздай, 10 млн. адамға осы «Спутник-V» екпесін салуды жоспарлап та қойды. Толық медициналық сынақтан өтпеген, нәтижесі белгісіз вакцинаны жаппай салу арқылы біздің Денсаулық сақтау министрлігінің көздегені не? «Екпе егілді» деген құжаттық белгі соғу ма, әлде «күл болмасаң, бүл бол» деген ниет пе?

Ұ.Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.