Адастырушы ағымдардан сақтанған абзал

Діни экстремизм, терроризм және кері ағымдар мен секталардың алдын алу мақсатында ОҚО білім басқармасының көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп – интернатында оқушылармен болған бас қосуда да бұл өзекті мәселе әңгіме өзегіне айналды. Кездесуге қатысқан М.Өтелбаева және Ш.Досанбаева секілді мамандарымыз деструктивті ағымдар қызметінің мағынасын ашып көрсетіп, ғаламтор арқылы экстремистік топтар мен ұйымдар идеяларының таралып отырғанына қынжылыс білдірді.

Өз кезегінде Ш.Досанбаева Елбасымыздың: «Қазірге дейін экстремизм мен терроризмнің анық-қанық көрініс табуына орайын келтірмей отырған себеп – Қазақстандағы тұрақтылықтың тегеуріні. Қазақстандық көп реңкті конфессионализм мен ұлтаралық келісім ахуалы да діни экстремизм мен сепаратизмнің қанат жаюыа белгілі дәрежеде тосқауыл болуда.

Исламды терроризм мен экстремизмнің кез келген формасын ақтап алу үшін пайдалануға ұмтылу – дінді қорлаушылық. Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруға үндеймін. Бірлікті сақтап, оны бағалайтын кез-келген халық өлмейді», — деген өрелі ойларын өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, өңір қауіпсіздігін сақтауда зор маңызға ие ҚР-дағы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан мұндай тағылымды кештердің жастарымызға рухани азық болатындығына да күмән келтірмеді. Шындығында мектеп оқушыларының рухани жетілуіне негіз болатын мұндай маңызды шарадан жас ұрпақ өзге идеологияны санамен саралауды үйренеді.

Сондықтан да біздіңше мұндай ілкімді істерді діни экстремизммен күрестің маңызды тетігі деп қабылдаған жөн секілді.

М.МҰСТАФАЕВ,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің маманы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.