ТҮРКІСТАН-ТАШКЕНТ ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ТЕМІР ЖОЛ МАГИСТРАЛІ САЛЫНАДЫ
Биыл Түркістан қаласынан Шымкент арқылы Ташкентке дейін жоғары жылдамдықты темір жол магистралі салынады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Айтулы жобаның құрылысы 2021 жылы басталып, 2024 жылы аяқталатын болады.
«Биыл келешегі зор туристік дестинация ретінде экотуризмді, ұлттық парктерді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Осының аясында туристер легін арттыру үшін Түркістан-Шымкент-Ташкент бағыты бойынша жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады. Бұл туризм саласында 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, ішкі туристер легі 22% өсіммен шамамен 4,5 млн адамға жетеді. ЖІӨ-дегі туризм үлесі 5,2 пайыз болады», — деді Үкімет басшысы.
Айта кетерлігі, темір жол магистралінің жалпы ұзындығы — 260 шақырым болмақ. Жобаның құрылысы аяқталған кезде жолаушылар Түркістаннан Ташкентке 2 сағат көлемінде жететін болады.