Кешегі оқушы, бүгін курсант, ертеңгі генерал

Шымкент қаласының №129 жалпы орта мектебінде С.Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттарымен кездесу өтті.

 

Курсанттар өздерінің алғашқы демалыс күндерін өздері үшін де, басқалар үшін де пайдалы өткізуге шешім қабылдады. Қазіргі уақытта жастар әскери кадрлар ұстаханасында білім алуда, курсант Сейділдә Арман мен Мұхан Ербол болашақта артиллерияшылар, ал курсант Жолшыбек Нұрбол инженерлік қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алуда.

Кездесу барысында оқушылар әскери жоғарғы оқу орнында меңгере алатын мамандықтар туралы, өту балдары мен қабылдау критерийлері туралы, курсанттардың өмірі туралы, сондай-ақ диплом алғаннан кейінгі жұмыс туралы ақпарат алды.

Сондай-ақ курсанттар институттың өмірі туралы айтып, оқушылардың жақсы оқып, өзін-өзі тәрбиелеу және мақсатқа ұмтылу – әскери жоғарғы оқу орынына табысты түсудің маңызды факторлары екендігіне назарын аударды.

Сонымен қатар, болашақ офицерлер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, жаңа саладағы жетістіктерімен бөлісті.

Курсант Сейділдә Арман атап кеткендей, әскери интитутта оқу – бұл болашақтағы материалдық тұрақтылық, мансаптық өсу мен әлеуметтік мәртебені арттыру мүмкіндіктері. Өйткені, Отан қорғаушылар мамандығы әрқашан жоғары бағаланады.

Атап айтқанда, жалпы орта білімі бар, оқуға түсетін жылы 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспаған азаматтар, мерзімді қызметтегі 24 жасқа дейінгі сарбаздар және 25 жасқа дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына үміткер бола алады.

Оқуға түсу үшін олар 30 сәуірге дейін жеке куәлігі мен әскери тіркеу куәлігін алып жергілікті әскери басқару органына өтініш жазуы керек.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.