“ТАЗА СЕССИЯ” АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН САУАЛНАМА 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ СТУДЕНТТІ ҚАМТЫДЫ
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында облысқа қарасты барлық жоғарғы оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында «Таза сессия» акциясы аясында «құпия түрде сақталатындығына кепілдік берілетін» 11 сұрақтан тұратын сауалнама жүргізілді.
Адалдыққа үндейтін игі науқанның негізгі бастамасы — елдің ертеңгі келешегін қалыптастыратын жастар қауымын адал еңбекке баулу және парасатты тұлға болуға дәріптеу. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, білім беру жүйесінде және тиімді алдын алуға бағытталған іс-шаралардың ашықтығын қамтамасыз ету және нығайту.
Акция нәтижесі ЖОО-дағы және колледждердегі оқу үрдісінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын негізгі мәселелерді анықтайды.
Сауалнама нәтижесі адами әлеуетті дамыту басқармасына жұмыс жасау үшін жолданады.
Терең тарихтан жарқын болашаққа ұмтылуды мақсат еткен мәңгілік елдің ұрпақтарының білікті маман болып қалыптасуы оқу орны басшыларының жіті бақылауында болуы мемлекет саясаты үшін айрықша маңызға ие.
Алдағы уақытта да «Таза сессия» акциясы аясында жас буынның бойына сыбайластық сияқты жат әрекеттерден сақтандыратын берік иммунитет қалыптастыруға бағытталған бақылау жұмыстары әрі қарай өз жалғасын табатын болады.