ҚҰНДЫЛЫҒЫН ҰМЫТҚАН ҰЛТ «РУХАНИ АШТЫҚҚА» ҰШЫРАЙДЫ

Заман алмасты, өмір өзгерді. Қытымыр уақыт пен қым-қиғаш уақыттың ортасындамыз. Шынайы іс емес, есеп пен цифрлар сайрайтын шақтамыз. Жанашырлық пен тазалықтың орнын көзбояушылық басқан. Құндылықтар өзгерді. Оның несі жаман дейсіз ғой. Ендеше айтайын…

Бір жігіттің ұялы телефонымен тілдескенін құлағым шалды. «Мен туған күнге бара алмаймын. Ақша салып жібердім ғой, мамаға айт туған күніне қалағанын алсын. Неге хабарласа бересіңдер? Беретінді бердік қой» деді. Ары қарайғы әңгімесін естігім де келмеді. Анасына ақшасы емес, бір-екі ауыз жылы сөзі мен көңілі қажет екенін ол жігіт түсініп те тұрған жоқ. Реті келсе, ақшасын беріп, алыстан сыйласқысы-ақ келіп тұр.

Әлеуметтік желіде көп адам аз уақытта әлемдік тұлғаға айналып үлгерген Димаштың ұлтын талқылапты. «Димаш қазақ емес, қырғыз екен» дейді. Сөйтсе, бұл – кіші жүздің ішіндегі қырғыз руы екен. Негізгі құндылықтың – музыка, мәдениет, руханият, яки қазақ өнерін әлемге танытқан талант емес, әншінің қай рудан шыққаны мен ата-бабасының кім болғанында.

Гив, пранк, тик-ток, вайн жастарымыздың ең сүйікті ісі. Былайша айтқанда, оғаш дүниені түсіріп, оқырман жинап, ақша табасыз. Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүниені көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Онда жартылай жалаңаш қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығарады. Иә, әлеуметтік желі арқылы ақша табу бүгінде жаңалық емес. Кімнің парақшасы қызық, қалтасы да қалыңдай түседі. Басты құндылық ар-ұят емес, ақшаға қарай ауысқан.

Билік басындағылар-дың да есеп бе-руінде цифрлар мен статистикалық мәлі-меттер көп айтылды. Шынайы істің көрінісі байқалмайды. Барлығы тек қағаздағы сандарды айтып, құтылуға тырысады. Көптің көңіліндегі мәселелер тағы да жасырын күйінде қала береді.

«Рухани жаңғыру» дегенді де біздер флешмоб пен жол жиектеріне ілінген плакаттар деп түсінеміз. “Жаңғыру емес, қаңғыру” деп күлкіге де айналдырғандар аз емес. Негізгі құндылық еліміздің ішкі жан дүниесін байытып, төл тарихымыз бен әдебиетімізге қарай бет бұру болатын.

Құндылықтарын жоғалтқан мемлекет құлдырайды, қоғам мен сол қоғамды құрушы адамдар “рухани аштыққа” ұшырайды. Сіз үшін не құнды?

 Ұлжалғас Мұратқызы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.