ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ БОЙЫНДАҒЫ РУШЫЛДЫҚТЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ ҚАНА ҚУЫП ШЫҒА АЛАДЫ
ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК
Шешімсіз билікті түсінбеймін!
Ана тілі – мемлекеттік тіл! Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің басты бір атрибуты! Егемендік отыз жылда мемлекеттік басты атрибутымыз – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктете алмай, мемлекеттік механизмнің бар саласына аялай, аямай ұстарта жұмсай алмай отырса – мемлекеттігімізге сын! Қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруын заңдастырып алып, мемлекеттік тілге мемлекеттік жұмыс бере алмай, заңды мәртебені заңсыз аяқасты етіп отырған билік сатыларын аяусыз әшкерелеп, Қазақстан Республикасына жасалып отырған қастандық деп білуге тиіспіз. Кім мемлекеттік тілді білмейді, кім мемлекеттік тілде халыққа қызмет ете алмайды,оған мемлекеттік қызметте, тіпті қазақ қоғамында орын болмауға тиісті! Қазақ тілін білмейтін азамат қазақтың мемлекет құрушы ұлт екенін мойындамайды деген сөз. Ондай адам “көзқаман” (Р.Бердібай) саналып, қоғам өмірінен шеттетілуге тиісті.
Қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде қорғайтын, қолдайтын арнайы заң керек! Өлі заң емес, тірі заң!
Онсыз мемлекеттілігіміз нәркүмән! Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл! Мемлекеттіліктің басты атрибуты жұмыс істемесе, тілде бар да, ділде жоқ болса, онда біз тәуелсіз мемлекетпіз деуге бола ма?! Болмайды!
* * *
Мен Түркістанға тұрақты қоныс тепкелі 25 жыл. Осы 25 жылда 8 облыс әкімі, жәдігер қаланың 21 басшысы ауысыпты. Көбіне сырттан келеді, сыртқа кетеді. Түркістанның қадірін біліп те үлгермейді. Облысқа келген басшы алғашқы күні «Менің бағдарламамда Түкістанды дамыту жоспары бар» дейді. Бәлкім, халықтың сеніміне кіру үшін солай айтатын шығар. Бірақ, бес жыл, не алты жыл отыра ма, Түркістанға ештеңе істемей кетіп бара жатқанын көресің. Олардың арасында кім жоқ? Қыз зорлап 101-баппен сотталған да, әкімдік институттан тәжірибесі былай тұрып, хабары жоқ құр «қалта» жігіттер де болды. Соның көбінде Түркістанға деген перзенттік бейіл, басшылық жауапкершілік болған жоқ. Ойлағаны – құлқын, қалта қамы. Әйтпесе, Түркістанның өсіп-өркендеп кететін уақыты болды, болдың не, әлдеқашан өтіп кетті.
* * *
Ұлтшылдық десе біз кірпідей жиырыламыз. Өйткені, кешегі кеңестік идеология «ұлтшылдықты» бөжей көрсеткен. Ұлтшылдық – ұлтыңды сүю, сезімінің ұлттық тұтастықта көрінуі. Ұлтшылдық тұтас ұлт бойында болмай, ұлт бойындағы тұтастанған сезім болмай – қазақ мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмайды. Онда рушылдық өреде қалып қоюы мүмкін. Ондай болса тәуелсіздікке қауіп.
Бүгінгі қазақ азаматтарына жетпей жүрген бір мәселе – ұлтшылдық. Біздің бүгінгі ұлтшылдығымыз ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтшылдығының қасында жіп есе алмайды. Ол ұлтшылдықтың тұтас ұлтты қамтыған кезеңі, бүгінгі ұлтшылдық бір ғасыр бойы таяқ жеп, ит сілікпесі шыққан селкеу-секем ұлтшылдық. Ұлтшылдықтан басшымыз да, қосшымыз да тұра қашамыз. Шынына келгенде, қазақ қоғамы бойындағы рушылдықты ұлтшылдық қана қуып шыға алады. Ұлтшылдықпен бір кісідей күрескен жазушы Ғабиден Мұстафин 1980 жылы «Бұрын ұлтшылдықпен күресіп едік, енді ұлтсыздықпен күресетін уақыт келді…»-дейді. Ұлтсыздықпен күрес – ұлтты ұлтшылдыққа үндеу!
* * *
Біздің әкімдер қазақ ескілігін табиғи қалпында сақтау орнына кесененің қасына зәулім ғимарат салса, алдына, қасына су жіберіп, гүл ексе, айналдыра су жіберіп жасанды өзен жасасақ, туристер дүние жүзінен ағылып келе береді деп ойлайды. Тіпті де олай емес, зәулім құрылыспен кімді таң қалдырасың? Париж тұтас музей қаласы. Одан асып кете алмайтын шығармыз. Ал бізде басқасы оңып тұрғандай сол жерлерді көгерте қалайық дейді. Осынау өресіздікті тез арада тоқтатпайтын болса, біздің ұрпақтың кезінде олар тұрар, ал келер ұрпақ көрмеуі әбден мүмкін.
Қысқасы, тарихтың алтын қамбасының аузы-мұрны толып тұр. Бірақ насихаты жоқ. Ал басқа елдерде мұндай қазына жоққа тән. Бірақ туризмі мықты. Неге? (Біз неге барды бағалай алмаймыз? Не кедергі?).
Әзірге солай! Оларды соттату менің міндетіме кірмейді. Олар білместіктен қылмысқа кіріп бара жатқанын да білмей отыр. Олардікі «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» Қыл-қысқасы, Мавзолейдің жағдайы мүшкіл. Асыл қазынамыздан әп-сәтте айырылып қалғымыз келмесе, шет елден ақша сауамыз деген қиялдан тиылу керек. Жалпы, біз неге шет елден ақша сұрап диуана болуымыз керек? Экономикамыз өсті, берген ақшаны жаратпайсыңдар деп көгілдір экраннан Елбасы министрлерді ұрсып жатпайтын ба еді, осы?! Енді не болып қалды?
* * *
Бізді көрші өзбек ағайын «қара орыс» атай бастады, тіпті «орыс болу үшін алдымен қазақ болу керек»-деп ащы мысқылдады. Әйтеуір Желтоқсан оқиғасы «артымызды» жапты, өшкен рухымызды қайта оятты, өлген рухымызды қайта тірілтті. Ұлтқа үлкен абырой болды.
Сосын Тәуелсіздік алдық та қайта ұйықтап кеттік. Рухымыз қайта өліп қалды. Қазір рушылдық қана тірі. Ең болмаса ұлт болып тұтасып ұлтшылдық та таныта алмай отырмыз.
«Бар қазақ менің жалғызым»-дейді ақын Сабыр Адай. Мен айтамын: « Әр қазақ, бар қазақ өзінің қатын-баласына ие болсын. Сонда ұлт рухы асқақтай түседі!».
Жады – ұлттың коды! Жады – ұлттың сан ғасырлық тарихы. Жады – ұлттың тарих тамырынан тартып сақтап келе жатқан ғажайып төл мәдениеті! Жады – соның бәрін атадан балаға дін аман сақтап жеткізген өскелең дәстүрі! Жады құрыды. Жадыны құртқан мансапқорлық, жағымпаздық. Бұлар – рухани құлдық.
Тәуелсіздік алдық. Рухымызды сақтау, сақтай отырып оны шылық-былықтан тазартып алып асқақтату орнына, оның қасына дүниеқоңыздықты әкеліп қостық. Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейтін (мәңгі өмір сүретіндей) жарамсыз идеал – сасық арман үлкен, кіші – бәрімізді иектеп кетті. Ендігі отырысымыз мынау – жер асты байлығын өзіміз пайдалана алмай, жер үсті байлығы – адамдарымызды аялай алмай, өз бала-шағамызға өзіміз ие бола алмай, өз ғылымымызға өзіміз ие бола алмай, өз дәстүрімізге өзіміз ие бола алмай, не ескімізге ие бола алмай, не жаңаны жасай алмай…
* * *
Бұл өзі – көп жылдан жемқорлар жеп, жеген азаматтар кие кепиетіне ұшырап сотталып, өліп, не басы-көзі қисайып қалып жүрген қасиет ұялаған жер. Жалмауыздардың ындынын құртатын Тайқазанға салынатын садақаның ақшасы ғой, масқара болғанда. Өзбекәлі Жәнібек жаңғырту жүйесімен келіп олармен қаншама күресті. Бірақ оларға дауа жоқ екен. Садақаның ақшасына жаңғыртуға бөлінетін қаржыны қоса жейтін әдет таптық қой тәуелсіздіктен кейін. Идеологиясыздық!