ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІНЕН КЕЙІН ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік кездесуінен соң, жеке қабылдауына жазылған азаматтарды қабылдады. Онлайн форматында өткен қабылдауда өңір тұрғындарының өтініштері сан алуан болды. Көбіне жеке мәселелер көтерілді. Түркістандықтар әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жол жүргізу бойынша өтініштерін айтып, көмек сұрады. Азаматтардың басым бөлігінің өтініші қабылдау барысында шешімін тауып, жауапты тұлғаларға жүктелді. Қалған арыздар бойынша заңдарға сәйкес, түсініктеме мен кеңес берілді. Барлық өтініштер облыс басшысының жеке бақылауында.
Онлайн қабылдауда болған Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны шаруа қожалықтарына егін-су жетіспеушілігін көтерді. Ауылдағы 1 500 га жерге су жеткізу мақсатында осыдан 7 жыл бұрын «Біресек» су қоймасы салынған. Сол кезде құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмеуінен, пайдалануға берілмеген болып шықты. Су қоймасын қайта қалпына келтіру бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыру мәселесі қаралуда.
Облыс әкімің қабылдауына жазылған Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғыны мүгедек ағасына есту аппаратын алып беруді сұрап, үйіне газ құбырын кіргізуге көмек беруін өтінді. Өтініш шешімін тапты. Ал, жылыту қазандығын алып беру үшін кәсіпкерлер қол ұшын беретін болды.
Әлеуметтік жағынан осал топтар санатында, толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде 2019 жылы тіркелген Түркістан қаласының тұрғыны облыс әкімінінің қабылдауында болды. Қолданыстағы заңға сәйкес, өтініш айтушынының мәселесі тек кезек ретімен шешімін табатыны түсіндірілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға өңірлік «Халық берекесі» жобасы енгізілмек. Жоба аясында тұрғын үйлері жоқ отбасыларға 3 жылға тегін баспана ұсынылатын болады.
Кентау қаласы, Шаға а/о тұрғыны суармалы және жайылымдық жерлерді кеңейту туралы өтінішін айтты. Осыған дейін 25 шқ. 5 канал күрделі жөндеуден өткен. Жер көлемінің ұлғаюынан су арнасын ұзарту жоспарлануда. Арнайы жер қорында 16 329 га ауыл шаруашылығы мақсатындагы жайылымды алқаптар анықталып, бұл алқаптарды ортақ жайылым үшін пайдалану мақсатында рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселе оң шешімін табатын болды.
Онлайн қабылдауында Өмірзақ Естайұлы барлық өтініштерге заң аясында толыққанды жауап берді. Елдегі пандемияға байланысты жеке қабылдаулар мен жиындар онлайн форматынд көшкені белгілі. Тұрғындарды қабылдау – халықпен байланысты тиімді ұйымдастырып, тұрғындар мәселесінің шешілуіне сеп болары сөзсіз.