БІРІҢДІ, ҚАЗАҚ, БІРІҢ ДОС, КӨРМЕСЕҢ ІСТІҢ БӘРІ БОС!

«Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан жерде, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады».

Күлтегін.

Бойымыздағы батырлықты әлімжеттікке, өзімізге пайдасы жоқ, біреуге зияны тиетін іске пайдаланатын болдық. Соның кесірінен тоқсаныншы жылдары қаншама азамат бір оқтық болғанын ұмытқандаймыз. Қазір бұрынғыдай қолға қару алып, жорыққа шығатын заман емес, әйткенмен әлеуметтік желі де өзінше бір соғыс алаңына айналған. Ұялы телефонымызбен біреуді сойып салдым деп бос мақтангершілікке салынуды шығарғанбыз.Жанындағы жақындарынан мейірім мен махаббатты көрмеген жандар кейін онысын қоғамнан қайтарғысы келеді. Осылайша біздің қоғамда «медиа маньяктар» пайда болады. Олар фейк парақшаларды ашып алып, елге танымал, патшадан пақырға дейінгі адамдарға ішіндегі бар уын шашып, боқтап, оларды күстәналап, онысына өзі қарқылдап күліп, бала оқыса бетін басатын сөздерді жазып, нәпсісін тояттандырады. Осыншалықты қатыгез болып бара жатырмыз ба деп те ойлаймын кейде?!

Бүгінде Шымкент қаласының блогер, журналистерінің жаппай белсенділігі бас көтеретін бірден-бір орны фейсбук желісі болған. Жақ-жақ, жік-жік, ру-ру болып бірігіп, бірімен-бірі қырылып, ақпараттық саланың берекесін кетіре бастағандай. Аяғын шалыс басқан әріптесін көрсе, суретке түсіріп, айтқан сөздерін айқара ашып, көпшіліктің талқысына тастап жіберу үйреншікті әрекетке айналған. Болар елдің баласының ісі емес бұл. Бір кездері досым деп «аһ» ұрғаны жеке басының мәселесін шеше алмай қалса, дұшпанына айналып, сырын сыртқа шығарып немесе тағы біреу арқылы масқарасын шығарады.

Сіз жариялаған бір пост мың адамның көзқарасын өзгертеді, көңіліне қаяу салады, сенімге селкеу түсіреді. Асылы біреудің қандай екенін білу үшін ол туралы кімнің не айтқанын емес, оның жұрт жайлы не айтатынын есту қажет. Себебі, сөз жүректегіні шығарады. Әрине, өсу үшін де сын керек. Бірақ, сын шын болсын. Жеке басының мүддесі емес, елдің, ұлттың мүддесі сөз болғанда, шынайы істің көрінісінде шынайы сын айтылсын.  Біреуді әшкерелеп, тапсырыспен пост жазып, Оңтүстіктің, Шымқаланың бетке ұстар блогер, журналистерінің алауыздық көрсетуі жарасымды дүние емес.

Бірін-бір шұқылап, жағаласып жүрген жұртта айбын бола ма? Өнбейтін дауды өспейтін ел ғана қуалайды.

Ұлжалғас Өскен.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.