ҚҰТЫРУ – ҚАУІПТІ АУРУ
Құтыру – ауру жануардың жарақаттауы арқылы жұғатын, орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдайтын аса қауіпті вирустық ауру. Көбіне бұл дертті ит, түлкі, мысық, қасқырлар таратады.
Сонымен қатар, үй жануарлары арасында (ит, мысық, сиыр, қой, жылқы, түйе т.б.) кездесіп, сілекейлері арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Аурудың бұл түрі құтырумен ауырған жануардың адамды тістеуі, жарақатталған тері мен шырышты қабықшаларына сілекейінің жағылуы арқылы жұғады. Әсіресе, бастан және қол саусақтарынан жарақат алған жағдайлар өте қауіпті.
Бірақ, аурудың алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануардан жарақат алғандарды сақтап қалудың бірден-бір жолы – антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобулин егу. Көп жағдайда халық арасында бұл мәселеде әлі де немқұрайдылық танытушылар аз емес. Ит қапқан кезде жарақат алған жерді сабынды таза сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5 пайыз-дық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, міндетті түрде құтыруға қарсы екпе курсын уақтылы алу қажет.
Егер өзіңізге белгілі ит немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз. Мал дәрігері оны 10 күн бақылауда ұстап, сау болса анықтама береді, егу тоқтатылады. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады. Ал, егер жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет (0, 3, 7, 14, 28 күндері) егу тағайындалады.
Сондықтан мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды оқшаулап ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мамандарға көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы екпе ектіріп тұруларыңыз қажет.
Д.Садуллаева,
Қаратау ауданы СЭББ бас маманы.