АНА ТІЛІМІЗДІ ҚОРЛАУ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?

Қазақстан тәуелсіз ел қатарына қосылып, өз алдына жеке мемлекет болғалы 30 жыл толғанымен, қазақ тілінің жетім баланың күйін кешіп, босаға жағалап жүргенін шыққыр көзіміз әлі күнге көріп келеді. Күнделікті күйбең тірліктің қай кезінде болмасын барған жеріңде мемлекеттік тілге желімдей жабысып, қосамжарласқан орыс тілінсіз мәселенің шешілмейтіні тағы бар. Ана тіліміздегі жарымжан жарнамалар мен оқулықтағы олқылықтар жайы айтыла-айтыла жауыр болғалы қашан?!

Қарап отырсаң, жарнама мен тақтайшаларда, түрлі өнімдердің сыртқы бетінде қазақ тілінің төл дыбыстарынан өте жиі қателіктер кетіп жатады. Кез келген дүниені шығару үшін алдымен сарапшылар мен мамандардың көмегіне неге жүгінбейді екен осы?

Қазақтар шығарды ма, әлде басқалар шығарды ма, “Жумайсынба” деген шампунь шығыпты. Видеожарнамасы да қатар беріліпті. Бірақ ондағы қазақ балаларымның қазақ сөзін орысша “блатной акцентпен” бұзып сөйлегені, ардақты ана тілімізді қорлағандай, кекеткендей құлағыма түрпідей тиді. Біресе орыс тілінде, біресе қазақ тілінде шүлдірлеген қазақ жігітттері жарнамасы да оңбай қалыпты.

Ал шамуньннің сыртына “Жумайсынба” деп “сүйкей” салу – Қазақстан атты үлкен елдің Конституциямен бекітілген мемлекеттік тілін қорлаудың таза өзі деп білем.

Бір ғана сөзде бақандай 3 қате жүр. Біріншіден, “Ң” әрпінің орнына “Н” әрпі жазылған.

Екіншіден, “Жумайсың ба” деп бөлек жазылуы керек. Үшіншіден, “Жумайсың ба?” деп біреуден сұрап тұрған соң сөз соңында сұрақ белгісі (?) қойылады.

Шампунь шығарған кәсіпорын иелерінің елге пайдалы еңбек еткеніне қуана отырып, өз өнімі мен өзі еңбек ететін елдің мемлекеттік тіліне осыншама немқұрайды қарағанына қатты күйіндім.

Неге өздері жұмыс істеп жатқан өңірдегі ақын, жазушыларға, олардың ішінде де сауатсыздар бар десе, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша филолог мамандарға барып: “Мына “Жумайсынба” деп жазғанымыз дұрыс па, бұрыс па?” деп сұрап алмайды?

Өте өкінішті.

Қазақстанда оның жергілікті тұрғындары – қазақтардың тілін қорлау қашанға дейін созыла береді?

 Ұ.ӨСКЕН.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.