ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР ТҰРҒЫНДАРМЕН ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ТҰРАҚТЫ ТІЛДЕСЕДІ
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ұлжанат Жұрымбетова «Депутатқа сауал қой» айдары бойынша әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфир өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Онлайн-қабылдау сипатындағы эфирде депутат «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының Түркістан облысында орындалу барысы туралы ой қозғады.
«Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары өз міндеттерін орындап жатыр. Жуырда өңірде сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша Жол картасын бекітілді. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен фракциясы ол құжатты бізге ұсынды. Сайлауалды бағдарламадағы әрбір жоспар мен уәделердің орындалуын қадағалап, бірлесіп атқаруға күш саламыз. Осындай тікелей эфирлер арқылы сіздермен жиі жүздесіп, сұрақтарыңызға жауап береміз. Мақсат – елге қызмет ету», – деді Ұлжанат Жұрымбетова.
Тікелей эфир барысында тұрғындар өз ой-пікірлерін жазып, депутатқа сәттілік тіледі.
Түркістан облысындағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарда «Nur Otan» фракциясының 263 депутаты бар. Бүгінде халық қалаулылары кестеге сәйкес, өз міндеттеріне сай өңірдегі мәселелер шешілетін сессияларға, мәжілістерге қатысып, қоғамдық қабылдаулар өткізіп жатыр. Ал Наурыз мерекесінде олар «Депутақа сауал қой» айдары бойынша әлеуметтік желіде сайлаушылармен тікелей сұхбаттасып, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдауға кірісіп кетті. Алдағы уақытта да депутаттар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрғындармен жүздесіп, сұрақтарына жауап бермек. Осы арқылы депутат пен сайлаушылар арасында тығыз байланыс, диалог орнайды деген сенім бар.